Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Глубокое ауданының тұрғындарымен кездесті

389
көрілім

Глубокое ауылында өткен жиында салық төлеп, әр қадамынан заңнама шеңберінен шықпауды мақсат еткен жұртшылық шетелдік көлікті заңдастыру, банкроттың қақпанына түспеу жөнінде түрлі сауалдарын қойды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Сонымен алыстан ат терлетіп, Шығыстағы қорғасын, мыс, мырыш сияқты элементтер өндіретін өнеркәсіптік ауданға Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Данияр Жаналинов келді. Иә, бастапқыда түс ауа басталады деген шара ауа райының тосын мінезіне байланысты бірнеше сағатқа шегерілді. Алыс-жақын аудандардан ертерек барып алған көпшілік Глубокоедағы Абай атындағы Мәдениет үйінде аялдады. Көкейге сақтаған сауалдарын тысқа шығарғанша, сабырлы кейіп танытып, төрағамен жүздесуге асыққан. Данияр Жаналинов түс ауа 16:00 кезінде тиегі ағытылған кездесуді өңірге қатысты бірқатар өзгерістерге тоқтап, ресми мәліметпен бөлісуді бастады.

– Мұндай кездесулер «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын табысты іске асырудың негізгі тетігі болып саналады. Осындай өзара іс-қимылдың арқасында мемлекеттік басқару процесіне белсенді қатысып, нәтижесінде құзырлы органдардың көпшілік алдында есеп беруі қадағаланады. Бүгін біз осы өңірдегі әлеуметтік-экономикалық, сондай-ақ жергілікті деңгейде шешімі табылмай жүрген өзекті мәселелерді талқылауға жиналдық, – деді төраға.

Жауапты тұлға осыны айтты да 730 мыңға жуық адам тұратын аймақтың қазба-байлықтары мол, тіпті Глубокое ауданының өзін алғанда Предгорье ауылындағы «Алтын Шығыс» компаниясының майлы дақылдардың жаңа түрін өндіруді қарқынды жалғастырып жатқандығына тоқталды. Оның сөзінше, бұл жерде 300 адам жұмыс істеп жатыр. Өңірдегі 73153 бизнес субъектісі, 16024 заңды тұлға мен 56563 жеке кәсіпкер бар көрінеді. Ал экономикалық тұрақтылық алпауыт кәсіпорындармен байланысып жатыр.

Кәсіпорындардан басталатын жұмыс ауқымы, оның жоспары айтылған соң тақырып ауаны бұқара жұрт жиі ұшырасатын сауалдарға ауады. Соның бірі адамның банкротқа ұшырауы бойынша өтініштерді қабылдау қадамы. Данияр Жаналиновтың сөзінше, тақырға отырған жандар тиісті мекемелерге наурыз айының 3-інен бастап өтініштерін жібере алады. Төлем жасау қабілеттілігін қалыпқа келтіру туралы заңнама негізгі үш қадаммен шектеледі. Соның бірі, сотқа қатысы жоқ банкроттық. Бұл жерде өтініш тұрғылықты жері бойынша аудандық сотқа жолданады. Бұл ақылы.

Ал шығысқазақстандықтар тарапынан арнайы желі мен тиісті мемлекеттік кірістер порталына түсетін сауалдардың көбі көлік салығына қатысты дейді. Оны заңдастыру, нөмір тағу сияқты сұрақтар. Осы аралықта 7-8 адам сауал қойып, ресми жауапты төрағаның өз ауызынан естіді.