Облыстық драма театрының артындағы мектеп биыл салынып бітеді

148
көрілім

Өңірдегі «Аманат» партиясы өкілдері, Өскемен қалалық мәслихаты депутаттары, «Әділдік Жолы» РҚБ басшысы, сондай-ақ өзге де жауапты тұлғалар жуықта нысан құрылысымен танысып қайтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Олармен бірге ШҚО құрылыс, энергетика және ТҮКШ басқармасы мен мердігер ұйым өкілдері де барып, «Нұрлы жол» шағын ауданында 599 орындық жалпы білім беретін мектептің құрылысына назар аударды. Нысанның бас мердігері «АЅТ Qurylys 22» ЖШС.


Қалалық мәслихат депутаты, С. Аманжолов атындағы ШҚУ-дың ректоры Мұхтар Төлеген атап өткендей, нысанның дайындығы 90 пайызды құрайды. Құрылыс 2022 жылы басталды. Өткен жылы мектеп пайдалануға берілуі керек еді, бірақ мерзімі өтіп кетті. Мердігер ұйымның өкілдері осы жылдың I-тоқсанында құрылыс жұмыстарын толық аяқтап, мектеп жанындағы аумақ пен аллеяны абаттандыруға бірден кірісуге уәде береді.
– Нысанның құны 3,5 млрд теңгені құрайды, – деді Мұхтар Төлеген. – Бұл сомаға ғимарат салып қана қоймай, мектепті құрал-жабдықтармен, жиһаздармен, оқулықтармен және басқа да қажетті заттармен жабдықтау жағы да кіреді.
Сонымен қатар, комиссия өкілдері құрылыс сапасына, ең бастысы балалардың қауіпсіздігі мен барынша жайлы болуын назар аударуды баса айтты.
– Бұл ретте баспалдақтардың тым тік әрі тайғанақ болмауын, электр қалқандарын және балаларға қауіп төндіретін басқа да тұстарды ескеру қажет, – деді жауапты тұлғалар.
Іңкәр ТӨЛЕГЕНОВА