Өскеменде 150 орындық балабақша ашылды

670
көрілім

Салтанатты шараға облыс әкімі Ермек Көшербаев қатысып, ғимарат ішінде бүлдіршіндер үшін қарастырылған мүмкіндіктермен танысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
«Family island-2»  деп аталатын балабақша облыстық драма театрдың дәл артында орып тепкен. Ата-аналардың айтуынша, құрылыс сапасы нысанның кіреберсінен-ақ байқалады. Баспалдақтардың тым биік болмауы, есіктердің жеңіл ашылып, балаларды қысып қалмайтындай етіп жабылуына дейін сәтті ойластырылған.
– Қазір Жібек-маталар комбинаты ықшам ауданы біршама үлкейді. Мектептер мен балабақшалардың ашылуы әсте артық етпейді. Қазіргі уақытта бұл жақтағы қара саны 90 мың адамға таяу дейді. Бұл ретте бүлдіршіндерімізді жақын маңдағы балабақшаға апарып жүрсек, талай ата-анаға жеңіл болар еді. Ашылу салтанатына арнайы келдік. Іші-сырты, түгел дерлік көңілімізден шығып жатыр, – деді өзін Асан деп таныстырған тұрғын.


Облыс әкімі Ермек Көшербаевтың сөзінше, кішкентайлар үшін төсектер ерекше дизайнмен жасалынған. Жиһаздары да ыңғайлы. Тамақты әр топ өз бөлмесінде ішеді. Құрылыс компаниясы ықылас танытып, осы іспетті балабақша салуға бекінсе, облыс әкімдігі қолдауға әзір.
– Құрылысы сәтті жүргізілген екен. Тазалық пен жұмыстағы ұқыптылық байқалады. Енді осыны қаз-қалпы сақтап тұру қажет. Сыйымдылығы 150 балаға арналған. Тиісті мамандар орны толса, жұмысты алаңсыз жүргізуге еш кедергі жоқ, – деді Ермек Көшербаев.


Аталған балабақша директоры Меруерт Сұлтанованың айтуынша, қазір жұмыста алты топта екі-екіден 12 тәрбиеші, алты көмекші, аспаз, әдіскер, психолог, дәрігер және күзетші бар.
– Балабақша аптаның бес күнінде, таңертең сағат 07:00-ден кешкі сағат 19:00-ге дейін жұмыс істейді. Айына 21 мың теңге. Оған қосымша сабақтар мен үйірмелер кіреді. Айталық, би, таэквондо және тағы басқасы. 150 орынға шақталғанымен, кіші топтар алдағы уақытта қабылданады. Сұраныс көп. Кейбір мамандар Enbek.kz порталы арқылы алынды, – деді директор.


Анығы сол, енді мұнда  логопед маман жұмысқа қабылданбақ. Бұл «Family island»-тың екінші филиалы. Айтпақшы, келер жылдан бастап мұнда мектеп алды даярлық сыныбы ашылады.