Өскеменде Абай атындағы педагогикалық колледждің 100 жылдығына орай екі республикалық шара өтіп жатыр

233
көрілім

Достық үй қоғамдық келісім орталығында ұйымдастырылған шаралардың екеуі де республиканың әр түкпірінен келген колледж студенттерінің басын қосты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Ұйымдастырушылардың сөзінше, Абай атындағы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің 100 жылдық мерейтойына байланысты бірден екі ауқымды шара қолға алынды. Біріншісі – «қазақтың Қанипасы» атанған Қанипа Бітібаева атындағы колледждер арасындағы республикалық олимпиада, екіншісі – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мұғалімі Асқар Ислямов атындағы оқытушылар арасында «Үздік педагогикалық эссе» республикалық байқауы.

– Бұл екі байқаудың негізгі мақсаты – жүріп өткен жолында жарқын із қалдырған жандардың тәжірибесін колледждер арасында насихаттау. Республиканың барлық өңірі мен қалаларынан бір студент пен бір оқытушы келді. Оның ішінде оқытушылар өз өңірлерінде эссе жазудан топ жарып, басты байқауда бақ сынамақ, – деді аталған колледж директоры Фархад Құрманов.

Тарихы сонау 1923 жылдан басталатын колледж қазіргі уақытқа дейін талай маман мен білікті кадрларды түлетіп ұшырған. Солардың бірі облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары Алима Ақылбекқызы сөз алып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Ұстаздардың төл мерекесіне және Абай атындағы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің 100 жылдық мерейтойына орай өткелі отырған колледж студенттері арасындағы олимпиада қаншама қабілетті жастың басын қосты. Табиғатынан педагог болып туған осы екі ұстаз бүкіл саналы ғұмырын болашақ ұрпақтың тәрбиесіне, біліміне арнағаны көпке мақтаныш. Қазақ мектебінің биікке көтерілуіне зор үлестерін қосқан жандар еңбегі ешқашан ұмытылмайды, – деді ол.

Ресми ақпаратқа сәйкес, мектеп оқушылары арасындағы республикалық олимпиада 2015 жылдан бері өтсе, колледж студенттері арасындағы бұндай бәсеке биыл екінші рет қолға алынды.

Ал үздіктер есімі ертең белгілі болады. Салтанатты шара түстен кейін «Ертіс концерт» залында өтеді.