Өскеменде ер адам кәмелеттік жасқа толмаған қызды зорламақ болды деген күдікпен соққыға жығылды

414
көрілім
Шартты фотосурет

Әлеуметтік желіде таралған бейнежазбада таяқ жеген адам балаларды зорламақ болды деген болжамдар жазылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Көшелердің бірінде жеті-сегіз адам біреуге шүйлігіп, былапыт сөздерін жаудырып, тепкінің астына алған. Таралған бейнежазбада ап-анық байқалды. Мұны түсіріп тұрғандардың айтуларынша, әлгі адам маңайдағы балалардың бірін жыныстық қатынасқа түсуге шақырған. Аулада жүрген адамдар да осыдан күдіктеніп, ашуға булығып, араша түсуге оқталған. Солардың бірі «Көрген жоқсыздар ма? Қаршадай қызға кел бері, сені қалап тұрмын деп айтып, жақындай түскен. Жексұрын!» деп тістене сөйледі. Әп-сәтте жиналғандардың қарасы 6-7 адамға жетті.

Болған жайтқа қатысты ШҚО Полиция департаментіндегілер пікір білдірді.

– Мән-жайды тексеру барысында ер адамның кәмелетке толмаған балалардан велосипед сұрап, бейәдеп сөздер айтқаны анықталды. Қала тұрғыны профилактикалық есепте тұрған жоқ, бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған, – делінген департамент ұсынған мәліметте. – Бұдан бөлек, ер адамға қатысты екі бап бойынша (449 бап – қоғамдық жерде күш көрсету, 440 бап – қоғамдық жерде ішімдік ішу) әкімшілік хаттама толтырылды.

Сонымен қатар, өскемендік азаматтың денсаулығына зиян келтіру фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 389-бабына (озбырлық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.