Өскеменде «Әртүрлі бұйымдар» атты көрме ашылды

499
көрілім

Шығыс Қазақстан өнер музейінде көркемөнер шеберлері Нина Кружкина мен Светлана Федотованың туындыларынан құралған «Әртүрлі бұйымдар» атты көрменің тұсауы кесілді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Көрменің «Әртүрлі бұйымдар» деп аталуы да тегін емес. Себебі көрмеге жоғары деңгейде салынған суреттерден тыс, әртүрлі қолдан жасалған ескі бұйымдар да қойылып отыр.


– Қазір шеберханада екі адам жұмыс жасаймыз. Бірге жұмыс жасап келе жатқанымызға 15 жылдай уақыт болды. Бұл көрме Қазақстанның көптеген жерлерінде болды. Тіпті шетелдерде де болдық. Әрине, көпшілік өнерімізді жоғары бағалай білді. Бүгін міне, Өскемен қаласында тұңғыш рет өткізіп отырмыз. Біздің өнерімізді бағалап, қолдау көрсеткен Өнер музейіне алғысымыз шексіз. Алдағы уақытта жүрттың назарына бұдан да жақсы туындылар ұсынуға тырысамыз,- деді  Светлана Федотова.


Светлана Федотова 1985 жылы Өскемен құрылыс-жол институтын бітірсе, Нина Кружкина Шымкент қаласындағы Ә. Қастеев атындағы көркемсурет училищесін суретші-бет әлпет әрлеуші мамандығы бойынша бітірген.
Шеберлеріміз тұрмыстық заттарды өнер туындысына қалай айналдыру керектігінің қыр-сырын жетік меңгерген. «Айналаңызға зер сала қараңызшы. Түнып тұрған сұлулық. Табиғаттың тылсым құдіретінен неге ләззат алмасқа? Жер бетінде қажетсіз нәрсе болмайды. Барлығының өз орыны бар. Тек шығармашылық көзбен қарап, жүрекпен ұғына білу керек»,- дейді шебер өз сөзінде.
Бүгін де өнер иелері облыс аумағында көпшілік орындар мен дәмханаларды әрлеп, безендірумен айналысады. Мысалы Өскемен қаласының «Барселона», «Шафран», «Да Винчи», «Березка» сынды дәмханалардың ішкі безендіру жұмыстары осы екі шебердің қолынан шыққан.


Ағымдағы жылдың маусым айында «Арт-деликатес» студиясы Біріккен Араб Әмірліктеріне шақырту бойынша барып, безендіру жұмыстарын жүргізді. Суретшілердің туындыларынан жаңашылдықтың иісі аңқып тұр. Кей туындыларында алмағайып мына заманның бейнесін өзгеше бір кейіпкерлермен берсе, ал күңгірт, қоңыр бояулар көз жанарыңызды өзіне тартып тілдескісі келгендей кейіп танытады. Бұл да болса суреттегі кейіпкерлердің үнсіз тілқатуы шығар.
Көрме 17 қарашаға дейін жұмыс істейді.
Таунар ҚАЙРАТ