Өскеменде қант бағасы қымбаттай бастады

715
көрілім

Облыс орталығында қанттың бағасы орташа есеппен 10-15 пайызға қымбаттады. Тосап қайнату уақыты басталмай тұрып-ақ бағаның бұлайша өзгере қалуынан қала тұрғындары тағы да былтырғыдай жағдай қайталанып кете ме деп отыр. Өткен жылы естеріңізде болса, қант Өскеменде қат тауарға айналып шыға келген болатын, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі YK-news.kz сайтына сілтеме жасап.

Қанттың келісі қазіргі уакытта орташа бағамен 280-285 теңгеден, жеке дүкендерде 300 теңгеден сатылып жатыр. Қала тұрғындары тосап қайнатар уақытта тоқырап қаламыз ба қорқыныштарын жасырмайды. Толайым саудамен айналысатын кәсіпорындар да қуантпады: соңғы айда қаланың сұранысын қанағаттандыратындай қант мөлшері әкелінбеген екен.

Қант мүлде тасымалданбай қалуы да мүмкін. Болмаса аз мөлшерде әкелінуі ықтимал. Соңғы партия екі апта бұрын келгенімен, бір тәулікте сатылып кетті. Ал қазақстандық өндірушілерден сатып алып үлгермеген сауда орындары ресейлік компаниялардан алуға мәжбүр болып отыр, – дейді «Цесна» сауда үйінің өкілі Ольга Ковшова.

Қазақстандық қант өндірушілерде мәселе туындағанымен, қазір бәрі ретке келтіріліп, өндірушілер бұрынғыдай қантты өндіріп жатқанға ұқсайды. Алайда олардың өнімі Өскеменге қашан жететіні белгісіз. Ал қалалық кәсіпкерлік бөлімі қанттың бағасы қымбаттап кеткенін растап отыр.

Бағаның бұлай өзгеруін антимонополистер тексеретін болады. ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің ШҚО бойынша департаментіне сұрау жөнелтілді, – деп хабарлайды қаланың кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Қымбат Әнуарбеков.

Аталған департаментте бұл жағдайға қатысты тексеру жұмыстары қолға алынып жатқаны белгілі болды. Қант бағасының негізсіз қымбаттағаны дәлелденсе, заңға сәйкес шаралар қолға алынбақ. Естеріңізге сала кетсек, өткен жылы толайым саудамен айналысатын төрт кәсіпорынға 1 миллион теңгеге жуық айыппұл салынған болатын.