Өскеменде мектеп мұғалімдері үшін ағылшын тілінен үш күндік семинар өткізілді

420
көрілім

Еліміздің түрлі қалаларында жұмыс істейтін американдық жас мамандар Fulbright желісі аясында өңірдегі мұғалімдермен білгенімен бөлісті. Онымен қоса, қазақстандық үш жас оқытушы да тәжірибесін ортаға салды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Қызығы сол, қазақстандық мамандар бір жыл бойы АҚШ-та қазақ тілінен сабақ беріп, сол уақытта ағылшын тілі бойынша шеберліктерін шыңдаған. Семинар ұйымдастырушыларының сөзінше, ауылдан келген мұғалімдер бұл шарадан соң жобаның тиімділігін өз әріптестеріне де жеткізеді.

– Содан барып жас буын ағылшын тілін біршама үйреніп қалады. Кез келген деңгейдегі шараларға емін-еркін қатысуларына еш кедергі болмайды. Осындай семинарларды ел көлемінде 2019-шы жылдан бастап өткізіп келеміз. 11 облысты аралап, жуықта Шығыс өңіріне аялдадық. Бұл 12-ші аймақ. Ендігі мақсатымыз – қалған екі облысты қамту. Семинардың мақсаты – үш күн ішінде жас мұғалімердерге барынша мол мәлімет беріп, америкалықтардан тіл үйрену, – деді Алматы халықаралық ақпарат, технология университетінің қауымдастырылған профессоры Светлана Жаңабаева.

Өскеменнен кейін мамандар Ақтөбе мен Петропавл өңірлеріне бармақ. Ал оған қатысушылар ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері. Айталық, Қасым Қайсенов кентінде ашылған жаңа мектептен келген Әділ Анарбеков 30 қазан мен 1 қараша аралығында өткен шараға үзбей қатысқан.

– Семинар халықаралық дәрежеде өтті. Америкалықтар мен жергілікті мамандар тізе қосып, тәжірибесімен бөлісті. Осы арқылы тілдік ортада сөйлеу мүмкіндігіміз артады. Ұйымдастырушыларға мың алғыс – қонақүймен қамтамасыз етіп, барлық қажетті ақпараттармен бөлісті. Қазақстан мен АҚШ елшілігі көп оқытушыға тіл үйрену үшін мол мүмкіндіктер сыйлады. Өзім жеті жыл көлемінде ағылшын тілінен сабақ беремін. Тіл білудің қоғамда қажеттілігі зор. Әлемде шамамен 4 млрд адам ағылшын тілінде сөйлейді. Осындай тәжірибе алмасу арқылы оқушыларымызға сапалы білім бере аламыз, – деді ол.

Ресми ақпаратқа сүйенсек, Өскеменде өткен семинарға 10 ауданнан 28 мұғалім қатысты. Шара біткен соң барлығы курстан өткендері туралы сертификатқа ие болды. Қатысушылардың көбі алдағы уақытта осындай шаралар ұйымдастырылса, қуана-қуана қатысуға ниетті. Одан бөлек, біліктілікті арттыруға мүмкіндік берген облыстық Білім басқармасына алғыстарын жаудырды.