Өскеменде өзгенің атына несие рәсімдеген алаяқтар анықталды

1197
көрілім
Шартты сурет

Өскемен қалалық полиция басқармасы Ертіс полиция бөлімінің тәртіп сақшылары өзгенің атына несие рәсімдеген алаяқтарды ұстады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Аталған полиция бөліміне облыс орталығының 19 жастағы тұрғыны жүгініп, белгісіз біреулердің алдап кеткенін жеткізген.

– Ол 310 мың теңге ақшасын жымқырып, қаладағы техника және электроника дүкендерінің бірінде ұялы телефонға несие ресімделгеніне шағымданды. Жалпы шығын көлемі 450 мың теңгені құрады, – деді ШҚО ПД баспасөз қызметіндегілер.

Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдіктілер анықталып, 21 және 19 жастағы қала тұрғындары екені белгілі болды. Күдіктілер жауап алу кезінде өз кінәсін мойындаған.

Қазіргі уақытта ҚР ҚК 190-бабы 1-бөлігіне сәйкес (алаяқтық бойынша) сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, оның санкциясы екі жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.