Өскемендегі қосымша шектеуге байланысты оқырмандар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап

489
көрілім
Шартты фотосурет

Бірнеше күн бұрын нақты уақыты белгіленіп, іле-шала оның өзгергені туралы ақпаратты естіген өңір тұрғындары бар жұмыстарын ысырып, облыс орталығына ағылғандықтары рас. Тіпті Өскеменге «Сәуірдің 6-сы күні бірақ атбасын бұрамыз» деп, соңы блок бекеттердегі түрлі түсініспеушіліктерге әкеліп соқтырды. Осы ретте назарларыңызға Өскемен қаласындағы шектеуге байланысты әкімдіктегілердің берген жауаптарын ұсынамыз. Басқа да оқиғалардың тіркелуіне қарай сұрақтар қарасы көбейіп, берілетін жауаптар легі де түрлене түспек, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Шектеу кезеңіне қатысты жалпы сұрақтар

Шектеу қашан енгізілді?

– Сәуірдің 2-сі күні қалаға кіру мен шығуды шектейді, 6-сы күні көліктер мен адамдар қозғалысы рұқсатнама арқылы ғана жүзеге асырылуы мүмкін. Қаладан кіріп-шығуға тыйым салынады.

Рұқсатнаманы қайдан алуға болады?

– Пәтер тұрғындарына сол жердегі ПИК (Пәтер иелерінің кооперативі) немесе кондоминиумнен, ал жер үй тұрғындарына жергілікті өзін-өзі басқару комитетінен алуға болады.

ПИК, кондоминиум және жергілікті өзін-өзі басқару комитетінің жұмыс кестесі қалай?

– ПИК пен кондоминиумның жұмыс кестесі – 2020 жылдың 2-ші сәуірінен бастап күн сайын сағат 8:00-ден түнгі сағат 00:00-ге дейін демалыссыз.

Тәулік бойы бірыңғай Call орталық нөмірі – 138, сонымен қатар 87058364277 және 87779072093 нөмірлеріне қоңырау шалып, толғандырған сауалдарыңызды қоюға болады.

Тұрғылықты мекенжайыма қарай ПИК пен кондонминиумымды қалай білуге болады?

– Kdmyk.kz сайтына кіру арқылы.

Егер ПИК-ке қарыздар болсам рұқсатнама ала аламын ба?

– Рұқсатнама қарыз мөлшеріне қарамастан әр тұрғынға берілуі қажет.

Рұқсатнаманың қандай түрлері бар?

– Екі түрі болады: қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін қызметкерлер үшін (№1 үлгі) және барлық тұрғындар үшін (№2 үлгі). Екінші санат: жасыл – айдың жұп күндері қозғалу үшін, ақ – тақ күндерге арналған.

Көліктерге рұқсатнамалар қандай қағидалар бойынша беріледі?

– Пәтерге берілген рұқсатнама бірмезетте жеке автокөлік үшін де рұқсат қағазы болып саналады. Егер сіздің көлігіңіз болса, рұқсатнаманы алу кезінде мемлекеттік нөмірге сәйкес ақ немесе жасыл рұқсаттаманы беру үшін техпаспортты көрсету қажет (нөмір тақ санға бітсе ақ түс, жұп санға аяқталса – жасыл болса). Бұл ретте рұқсатнаманы беру кезінде автокөлік нөмірінің дәл еселігіне басымдық беріледі (рұқсатнама бір ғана болуы мүмкін).

Бір отбасыға неше рұқсатнама беріледі?

– Бір үйге немесе пәтерге бір рұқсат қағазы беріледі.

Рұқсатнамамен қай жерлерге дейін баруға болады?

– Қала бойынша қозғалысқа шектеу қойылмаған. Жұмысыңызға, дүкенге, ауруханаға және тағы басқа жерлерге баруға болады. Алайда барлық қозғалыс қажеттілік болған жағдайда ғана жүзеге асырылуы тиіс. Бұл ретте құқық қорғау органдары сіздің не себепті қала ішімен жүргеніңізді тексеруге құқылы.

Мәселен сіз жұмысқа бара жатсаңыз, патруль қызметкері жұмыс берушіңізге қоңырау шалып, шынымен де жұмысқа бара жатқаныңызға көз жеткізуіне болады. Қала ішімен, жағалаулармен бейсауат жүріп, қандай да бір қажеттіліксіз үйінен шыққандар арнайы режімді бұзған болып есептеліп, жазаға тартылады.

Рұқсатнамамен үйден қаншалықты жиі шығуға болады?

– Қарастырылған жұп, тақ күндерге қарай үйден бір рет шығуға болады. Бір айта кетерлігі, тұрғындар бір жаққа шықпас бұрын баратын жерлерін мұқият жоспарлап алулары тиіс. Егер жұмысқа кеткен болсаңыз қайтар жолда дүкенге соғып, нан ала салғаныңыз абзал. Себебі кешқұрым дүкенге екінші мәрте шығудың реті келмеуі мүмкін.

Үйден шыққан сәт қалай саналады?

– Тұрғындар қозғалысын патруль қызметкелері перфорацияның (рұқсатнамаға белгі салу) көмегімен бақылауда ұстайды.

Қолымдағы рұқсатнамамен басқа аудандар мен мекенжайларға баруға бола ма?

– Рұқсатнамамен белгіленген күні қаланың барлық жерінде жүруге болады.

Егер көліктің рұқсатнамасы жұп күндерге, ал тұрғындарға арналған рұқсатнама тақ күнге сәйкес келсе үйден күнде шығуыма бола ма?

– Пәтерге бір ғана рұқсатнама беріледі және ол көлікке де жарамды. Ал көлік қозғалысы оның мемлекеттік нөмірінің тақ немесе жұп болуына қарай жүзеге асады.

Бір рұқсатнамамен бірмезетте неше адам жан-жаққа шыға алады?

– Пәтерге берілген рұқсатнама негізінде бір мезетте тұтас отбасының сыртқа шығуына болады.

Қаладан ұзап табиғат аясына шығуға бола ма?

– Қаладан шығуға тыйым салынған.

Жеке көлікпен саяжайға баруға бола ма?

– Қала ішінде сажайға баруға болады.

Рұқсатнама арқылы жеке көлікпен кез келген уақытта жүруге бола ма?

– Жеке көлікпен түнде, демалыс және мейрам күндері жүруге тыйым салынады.

Егер пәтер жалдап тұрып жатсам, ал тұрғылықты мекенжайым басқа жақта болса рұқсатнама ала аламын ба?

– Иә, тұрғылықты мекенжайыңызға қарамастан рұқсатнаманы ала аласыз.

Сәуір айының 6-на дейін рұқсатнама алып үлгермегендерге айыппұл сала ма? Белгіленген уақытта үлгермеудің соңы неге әкеліп соқтырады?

– Қала ішімен рұқсатнама мен жеке куәлік арқылы ғана жүруге болады. Уақыт шектеулігіне бағынбай, тиісті шараларды орындамағандарға (ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 476-бабы) 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады немесе 15 тәулікке қамау жазасы қолданылады.

Кәмелеттік жасқа толмағандар дүкенге бара ала ма?

– Кәмелеттік жасқа толмағандарға көшеге жалғыз шығуға тыйым салынған.

Кімдерге үйден шықпауға кеңес берілген?

– Сәуір айының 2-нен бастап 70 жастан асқан қарттар мен 1,2,3 топтағы мүгедек жандарға.

Шұғыл жағдайға (кран сынып қалды, сымдар күйіп кетті) байланысты үйден шығуым керек. Режім бұзбау үшін қалай әрекет еткенім дұрыс?

– Қаладағы шұғыл қызметке мына нөмірлер арқылы хабарласа аласыз:

1. Өрт күзеті – 101

2. Полиция – 102

3. Жедел жәрдем – 103

4. Құтқару қызметі – 112

5. Өскемен ТЖ қызметі – 138

6. «Водоканал» апатты қызметі – 53-16-61

Қызметтік рұқсатнама қандай құқықтар береді? Соның көмегімен тұрғындар қала ішінде емін-еркін жүре ала ма?

– Егер сіз қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін қызметкер болсаңыз тек өз міндеттерін орындау үшін арнайы рұқсатнама беріледі. Ірі кәсіпорындарда, мекемелер мен ұйымдардың қызметкерлері діттеген жеріне тек қызметтік көлікпен (кәсіпорынның жеке кестесі бойынша) жеткізілетін болады. Жұмысқа жаяу бара алмайды.

Азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізу бойынша қойылған сауалдар

Мүгедектер мен 70-тен асқан зейнеткерлерге азық-түлік қалай жеткізілмек?

– Төрт стандартты жиынтықтың бірін (азық-түлік, дәрі-дәрмек және бірінші қажетті тауарлар) үйге аптасына бір реттен асырмай 4200 теңгеден 12600 теңгеге дейінгі баға аралығында тапсырыс беруге болады. Қолма-қол немесе қолма-қол қаражатсыз төлем. Жеткізу күнделікті сағат 8.00-ден 20.00-ге дейін тегін.

Азық-түлік топтамасына қалай тапсырыс беруге болады?

– Тәулік бойы қызметке, 109 нөміріне қоңырау шалу арқылы.

Басқа азаматтар үйіне азық-түлік, дәрі-дәрмек жеткізу бойынша тапсырыс бере ала ма?

– Бірінші кезектегі қажет тауарларға dyken.kz сайты арқылы немесе 8775-344-40-77 Call орталығына хабарласып тапсырыс беруге болады. Жеткізу күнделікті сағат 8.00-ден 20.00-ге дейін тегін.

Тегін дәрі-дәрмек ала аламын ба?

– Тұрғылықты мекенжайыңызға байланысты емханаға жүгініңіз. Егер сіз немесе отбасы мүшелері тегін дәрі-дәрмек алатындар тізімінде бар болсаңыз, үйіңізге жеткізіп береді.

Көлік бойынша сұрақтар

Жеке көліктер қалай жүреді?

– Мемлекеттік нөмірі 0-мен, сондай-ақ жұп нөмірмен аяқталған көліктер жұп күнтізбелік күндер бойынша; ал тақ сан бойынша – нөмірдің соңы тақ санмен аяқталуына қарай жүре алады.

Түнгі уақытта жеке көлікті пайдалануға тыйым салынады.

Такси жүре ма?

Такси жүргізушілері көлік нөмірінің тақ немесе жұп болуына қарай жұмыстарын жалғастырады.

Қоғамдық көлік жүре ме?

– Қоғамдық көлік өз жұмысын жалғастырады. Тек олардың саны 30 пайызға азаяды. Сәуір айының 6-нан бастап қоғамдық көліктер таңғы сағат 6:00-ден кешкі сағат 19:30-ға дейін қатынайды.

Мектептегі білім беру жүйесіне байланысты сұрақтар

Интернет жылдамдығы төмен немесе мүлде жоқ жерде қашықтан қалай білім беріледі?

– Ғаламторы жоқ жанұялар үшін уақытша қолдануға роутерлер беріледі. Сондай-ақ қашықтан оқыту Ел Арна, Балапан және Алтай телеарналары арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.

Компьютері жоқ немесе барлығына ортақ көпбалалы отбасыларда қашықтан білім беру қалай жүзеге асырылмақ?

– Шектеу кезінде мектеп тарапынан көпбалалы жанұяларға ноутбуктар беріледі. Бұл ретте мектеп директорлары ата-аналармен алған затты ұқыпты пайдалану жөнінде келісімшарт жасайды.