Павлодар облысында кен орнында ішінде адамдар бар автобус жер астына түсіп кетті

347
көрілім
Фото: ria.ru сайтынан

Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы «Майқайың-алтын» АҚ шахтасының жанында топырақ опырылды. Салдарынан ішінде 4 жолаушы бар автобус тазарту кеңістігіне құлап кетті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

Қазір опырылған жердің тереңдігі — 150 метр, ұзындығы — 150-200 метр, ені — жарты шақырым деп шамаланып отыр. Апаттық-құтқару жұмыстары жүргізілуде.

Автобус жер астына 4 қаңтар түнгі сағат 01:25 шамасында құлаған.

Оның ішінде құтқарушылар мен жүргізуші болды.

«Апат кезінде автобуста 4 адам — кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы Павлодар филиалының 3 құтқарушысы мен жүргізуші болды. Шахтадан 33 жұмысшы эвакуацияланды, олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ, » — деп хабарлады Павлодар облысы ТЖД баспасөз қызметінен.

Жедел штаб құрылып, оқиға орнында Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов, ТЖД мен жергілікті атқарушы органдардың басшылығы жүр.

Психологтар жұмыс істеуде.

Құтқару жұмысына 40-тан астам адам, 13 техника және дрон жұмылдырылған.