Риддердегі жол апатына қатысты Қуат Тұмабаевтың ісі Әдеп жөніндегі кеңесте қаралмақ

741
көрілім

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ШҚО бойынша департаменті 18 жастағы жасөспірімді қағып өлтірген Риддер қаласы әкімінің орынбасарымен бір көлікте отырған Өскемен қаласының әкімін Әдеп жөніндегі кеңеске тартпақ, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Естеріңізге сала кетсек, мас күйінде көлік тізгіндеген Риддер қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Құрманбаев 15 сәуір күні Евгений Смольниковты қағып кеткен еді. Соның салдарынан 18 жастағы бозбала оқиға орнында көз жұмған. Көп ұзамай ШҚО Прокуратурасы қайғылы оқиғаның басында Риддер қаласы әкімінің орынбасары ғана емес, Өскемен қаласының әкімі Қуат Тұмабаевтың да болғанын мәлімдеді.

– Біз бұл жағдайды Әдеп жөніндегі кеңесте талқыға саламыз, – дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ШҚО бойынша департаментінің бастығы Жанна Қабдолдақызы, – Тергеу амалдары аяқталғанға дейін Қуат Тұмабаев лауазымдық міндеттерін атқара бермек

Ботакөз КЕНЖЕХАНОВА