Самарлық мұғалім оқушыларымен бірлесе гравитациялық батареяның жобасын ойлап тапты

273
көрілім

Самар ауылының жас өнертапқыштары әзірлеген жобаның негізі – айнымалы электр тоғын сақтауға мүмкін береді, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.

Аймақтағы робототехника бағытында нақты қадамға көшкендердің бірі – Жұбандық Болғанбаев атындағы мектеп-лицейінің жастары. Мұндағы физика пәнінің мұғалімі Дәурен Мергенчинов айнымалы электр тоғы өндіріліп, жұмсалғанымен, артығы іске жарамай қалуын кемшілік деп санайды. Бұл ретте, дененің потенциалдық энергиясын түрлендіру керек.

- Біздегі жобаға сәйкес, тоқ артық өндірілген кезде мұнара жүктерді үстіге көтере бастайды. Ал жүкті төмен түсіру арқылы потенциалдық энергия электр тоғының энергиясын түрлендіріп береді. Құрылғы тоқ өндірмейді, оны сақтайды. Жоғары-төмен түсу салдарынан энергия шығыны болуы мүмкін. Десе де едәуір тиімді, – деді Дәурен Мелғатұлы.

Тиісті жұмысты тек мұнара арқылы ғана емес, тереңдегі шахталарға түсіріп те іске асыруға болады. Пән мұғалімінің сөзінше, тоқ көп жағдайда түнде өндіріледі.

- Түнде өндірілген тоқ бірден қолданысқа жұмсалуы керек. Олай етілмесе, бір жаққа жіберілуі тиіс. Мәселен, Қазақстан мен Ресейдің арасында байланыс бар. Артық өндірілгенді біз оларға, немесе олар бізге береді. Себебі, сақтай алмаймыз, ондай әдіс жоқ. Соның бір баламасы – гравитациялық батарея, – деді ол.

Дәурен Мергенчинов шәкірттерімен бірлесе дайындаған жоба облыстық IT фестивалінде мамандар қызығушылығына ие болды. Есеп-қисабын дәл шығарған. Гравитациялық батареяның жұмысы оң бағаға ие болып, облыс әкімінің 1,5 млн теңге грантын иеленді. Қаржы толыққанды аударылған бойда жастар нақты батарея жасауға кіріспек.

Әділхан ЕСІМХАНОВ