«Саусақ іздерін алып, жауапқа тарту керек» – Ағаштарда ілініп тұрған «қансыраған мүсіндер» өскемендіктерді шошытты

339
көрілім

Өскемен тұрғындары Лесхоз аумағында ағаштарда ілініп тұрған  «қансыраған сұлбаларға» қарап бастапқыда дарға асылған адамдар ма деп қалған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Әлеуметтік желілерде таралған суретке қатысты өскемендіктер түрлі жазбалар қалдырған. Біреу саусақ іздерін алып, жауапқа тарту керек десе, біреу есі ауысқандар есірді деп жазып, тағы біреуі адамды дарға асып кеткен бе ойлаған. Әзілге айналдырған кейбірі «Саңырауқұлақ теруге келгендер бақталастарын қорқыту үшін осылай істеген» деп жазып жатты. Осы бойынша 102 арнасына қоңырау түсіпті.

– Тамыз айының 20-сы күні қалалық полиция басқармасына хабарлама түсті. Аталған факт тіркеліп, тексеру жүргізілді. Қазіргі уақытта «квест» өткізетін ұйымдардан, сондай-ақ Лесхоз ауданы тұрғындарынан жауап алынып, тексеру жүргізілуде, – деді ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметіндегілер.