Семейде 3 жасар ұлын терезеден лақтырып жіберген әйел психиатриялық диспансерде жатыр

694
көрілім

Семей қаласында жаға ұстатарлық оқиға орын алды. 36 жастағы әйел өзінің қаршадай баласын жатақхананың бесінші қабатынан лақтырып жіберген. Жерге құлаған балақай аман қалғанмен, ауыр дене жарақаттарын алды. Қазіргі уақытта 3 жасар бүлдіршін жан сақтау бөлімінде жатыр. Болған оқиғадан соң баласын бір өзі тәрбиелеп жүрген жалғызбасты ана психиатриялық диспансерге жатқызылды. Науқас әйел дәрігерлерге мұндай сұмдық әрекетін «ішімдегі бір дауыс түрткі болды» деп түсіндірген. Анықталғандай, бұл әйел бірнеше жылдан бері психикалық ауытқумен ауырып келе жатқан екен. Бәлкім, тиісті емдеу шаралары өз уақытында жүргізілгенде науқас мұндай жағдайға жол бермес пе еді? Орын алған оқыс оқиғаның мән-жайын Бұқара.кз сайтының тілшісі зерделеп көрді.

«Өмір сүргім келмейді»

Қыркүйек айының ортасында Семейдегі Ломоносов көшесіндегі бес қабатты жатақханада адам айтса нанғысыз оқиға қала тұрғындарын дүрліктірді. Түске таман тұрғындар кенет әйнектің сынған дауысын естіген. Лезде терезеге үңілген көше тұрғындары өз көздеріне өздері сенбеді: бірнеше метр биіктіктен құлаған бала подъездің карнизінде қанға малынып жатыр. Көпқабатты тұрғын үйдің ауласына жүгіріп шыққан көршілер жоғарғы қабаттың терезесінен әртүрлі заттарды сыртқа лақтырып жатып, «Өмір сүргім келмейді» деп жанайқайын жеткізген әйелді көреді. Санаға қонбайтын сұмдықтың куәгерлері тез арада жедел жәрдем шақырған.

Баланы құтқару үшін Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлеріне екінші қабаттағы пәтердің есігін бұзу арқылы ішіне кіріп, сол пәтердің терезесі арқылы подъездің карнизіне шығуларына тура келді, – дейді Жедел медициналық жәрдем станциясындағы қосалқы станция меңгерушісі Эльвира Гатауллина. – Құтқарушылар тобы терезе арқылы баланы карнизден шығарып алып, жедел жәрдем бригадасына тапсырды.

Үш жасар бүлдіршін бірден жан сақтау бөліміне жеткізілген. Дәрігерлер баланың бірнеше жерден ауыр соққы алғандығын анықтады.

Өкінішке қарай, бейкүнә бала ауыр дене жарақаттарын алған. Нақты айтсақ, саны сынып, іші жараланған. Сондай-ақ, оның кеудесінде талай жаралар анықталып, екінші дәрежелі травматикалық шок алғандығы белгілі болды, – дейді жедел медициналық жәрдем станциясының дәрігерлері.

Тергеу жұмыстарын жедел қолға алған тәртіп сақшылары баланың не себепті құлағанын анықтауға кірісті. Бірнеше куәгерден жауап алған полиция қызметкерлері «әйел адам баласын терезеден өз қолымен лақтырып жіберуі мүмкін» деген болжамға тоқталды.

Бұл оқиға сотқа дейінгі тергеудің біріңғай реестріне ҚР ҚК-нің 99-бабымен (адам өлтіруге әрекеттену) тіркеуге алынды, – дейді ШҚО ІІД баспасөз қызметінің басшысы Бақытжан Торғаев. – Оқыс оқиғаның бүге-шүгесі тергеу жұмыстары кезінде анықталатын болады.

«Ішкі үнім итермеледі…»

Көршілердің айтуынша, зардап шеккен баланың анасы полиция қызметкерлері келген кезде өзін дөрекі ұстап, қойылған сұрақтарға жауап бермеген. Тіпті бірнеше рет сол жерден қашып кетуге де талпынған екен. Құқыққорғау органының қызметкерлері оның мұндай бассыз қылықтарынан кейін «Ол өзінің іс әрекеттеріне жауап бере алмайды» деген қорытындыға келеді. Сөйтіп олар жөнге келмеген азаматшаны дәрігерлерге тапсырады. Ал ақ халатты жандар әйелді психиатриялық диспансерге жеткізген. Соңынан анықталғандай, Семей қаласының 36 жастағы тұрғыны бірнеше жылдан бері психиатриялық диспансерде тіркеуде тұрған болып шықты.

Әйелдің психикасында үлкен ауытқу бар. Сонымен қатар, оның ІІ топ мүгедегі екені анықталды, – дейді Семей психиатриялық диспансерінің директоры Айдынбек Нұрдыбаев. – Науқас мұндай ессіз әрекетке өзінің ішіндегі дауыс итермеледі деп отыр. Яғни, ол тылсымнан естілген дауысты бұйрық ретінде қабылдап, мүлт еткізбей орындаған. Қазіргі таңда науқасқа тиісті емделу курсы тағайындалды.

Ауыр хәлде жатқан баланың жағдайын Семейдің жетекші дәрігерлері қалт жібермей қадағалауға алды. Араға біраз уақыт салып бүлдіршін есеңгіреу халінен шықты.

Бала қазіргі сәтте есін жиды. Жағдайы бір қалыпты, – деп хабарлады Семей мемлекеттік медицина университеті медицина орталығының директоры Серік Әлжанов.

Науқас әйелдің бұдан бөлек тағы бір перзенті бар екен. Күйеуімен ажырасқаннан кейін тұңғышы әкесімен бірге тұруға қалған көрінеді.

Полиция қызметкерлері тергеу жұмыстарын аяқтаған соң, зерттеу материалдарын кәмелетке толмағандардың ісін қарайтын комиссияға жолдайды, – дейді ШҚО ішкі істер департаментінің қызметкерлері. – Алдағы уақытта әйелді ата-аналық құқығынан айыру мәселесі де қаралатын болады.

Жақында ғана зардап шеккен үш жастағы бүлдіршінді тәрбиелеп өсіруге әжесі ерікті болғандығы белгілі болды.

Біз дәрігерлермен хабарласып, баланың жағдайын әрдайым өз бақылауымызда ұстап отырмыз, – дейді Семей қалалық білім бөлімінің басшысы Гүлнар Оразбекова. – Мұнымен қоса балақайдың әжесімен келіссөздер жүргізуге де әзірміз. Егер апасы баланы өзіне алғысы келсе, құжаттарды рәсімдеу жағынан көмектесеміз. Айта кету керек, баланы туысқандарына беру туралы мәселе тек сотта қаралатын болады.

Ұстараның ұшында қалмас үшін…

Қалалық білім бөлімінің қызметкерлері жаға ұстатар оқиға орын алмас бұрын болған жағдайдың жай-жапсарын баяндап берді.

Жуықта балақай орта мектептің жанындағы шағын орталықтардың біріне бара бастаған, – деп Гүлнар Бақдәулетқызы өз сөзін жалғастырды. – Алайда бала сол жерде тек 5 күнін ғана өткізді. Биыл ол 3 жасқа толған болатын. Мектептің қасында орналасқан жатақханада анасымен бірге тұратын. Біздің білуімізше, анасы ұлын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған. Дүйсенбі күні, яғни 11 қыркүйекте бала шағын орталыққа келген жоқ. Келесі күні бұл жайт тағы да қайталанды. Осыдан соң тәрбиеші бүлдіршіннің апасымен хабарласқанда ол немересінің сырқаттанып қалғандығын айтқан. Ал сол күні түстен кейін қандай сұмдықтың жағдай болғандығын өздеріңіз де білесіздер…

Көңілге қаяу түсіріп, көкейге қорқыныш ұялататын бұл оқиғаның мән-жайымен жіті таныс болғаннан кейін санамызды жауапсыз бір сұрақ торлады: қалайша өз-өзін қорғауға қабілетсіз сәби психикалық ауытқуы бар науқас әйелдің тәрбиесіне тапсырылған?! Қазақстанда балалардың құқығын қорғайтын ауқымды мемлекеттік институттың бар екендігін ескерсек, бұл тіптен түсініксіз. Сонда арнайы құрылған күрделі жүйенің дәл керек жерде сылбырлық танытқаны ма? Ал балалардың құқығын қорғаумен айналысатын мамандар бүлдіршінді қарауына алған әйелдің психикалық диагнозы бар екендігінен мүлдем хабарсыз болғандықтарын алға тартуда.

Егер азаматша ұзақ уақыт бойы тіркеуде тұрса, осы жайтты ең алдымен оны емдеген дәрігерлер қадағалау керек қой, – дейді Семей қалалық білім бөлімінің қызметкерлері. – Ол өз ұлын шағын орталыққа алып келген кезде біз баланы бірден медициналық тексеруден өткіздік. Оның дені сау, қалыпты дамып келе жатыр. Анасы да сыртқы келбетінен ақыл-есі дұрыс адам болып көрінді. Ал ол әйелдің ішінде не болып жатқандығын, ойына не келіп, не кеткендігін біз қалайша анықтаймыз? Ал пихиатриялық диагноз медициналық құпия болып саналады.

Осы орайда ұзақ уақыт бала және отбасы мәселесімен тұрақты айналысып келе жатқан мамандардың пікірін білуді жөн көрдік.

Егер адамның бойында баланың денсаулығына немесе өміріне қауіп төндіруі мүмкін диагноз байқалса, бұл жерде міндетті түрде қорғау және қамқорлық таныту органдарының араласуы қажет, – дейді Өскемен қаласындағы Отбасыны және баланы қолдау орталығының директоры Лилия Куземко. – Алайда бұл оқиғаның мән-жайы айнадай ап-анық көрініп тұрған жоқ. Білім беру бөлімінің қызметкерлері әйелдің психиатриялық диагнозы жайлы мүлде білмеуі мүмкін, себебі баланы мектепке немесе балабақшаға алған кезде оның ата-анасының денсаулық жағдайы жайлы ақпарат еш сұралмайды. Мұндай жағдайдың үлкен мәселеге айналуы тым сирек кездеседі десек – өтірік болар.

Әңгімелесушіміздің ойынша, жалпы республикада жауапты органдардың осындай жағдайлардағы аса маңызды ақпараттарды уақытында хабарлау механизмі аяғына жем түскен аттай ақсап тұр.

Біз өзіміз де кейбір балалармен жұмыс істеген кезде осындай қиындыққа тап болып жатамыз, – дейді Лилия Петровна. – Қазір заң бойынша ол баланың ата-анасы жайлы бар ақпарат құпия күйінде ұсталады. Бұл – дұрыс емес, себебі баланың тәрбиесі мен болашағы ең бірінші ретте әке-шешесінің қолында. Сондықтан бала өсіріп отырған санасында ауытқуы бар немесе психикалық ауруға шалдыққан адамдарды тексеріп, анықтау үшін арнайы жүйе құрастырылуы керек. Әйтпегенде бейкүнә сәбилер әркез ұстараның ұшында қалмақ…

Бірінші рет емес

Осындай оқыс оқиға облысымызда бірінші рет тіркеліп отырған жоқ. Статистикалық мәліметтерге көз жүгіртсек, өңірімізде балалардың биіктен лақтырылуы аз орын алмаған. Кішкентай бүлдіршіндерге жасалған қатігездікке бірнеше мысал келтіріп көрейік.

2009 жылдың наурыз айы. Өскемен қаласындағы ЖМК-дағы (КШТ) көпқабатты үйдің төртінші қабатынан екі бірдей сәби құлаған. Қардан тазарту жұмыстары кезінде бір төбе болып үйілген қардың үстіне құлаған сәбилер құдіреттің күшімен аман қалған. Екі жастағы ұл бала мен оның бір жасар қарындасы алған жарақаттарынан кейін аурухана жеткізілді. Екі жасар бүлдіршіннің ауруханадағы кітапшасын ашқан дәрігерлер тағы бір сұмдық жайттың куәсі болған: бұл балақайдың терезеден құлауы бірінші рет емес, сондай-ақ жарақат алу диагнозымен бұрын да аурухана төсегіне таңылған екен. Бұл жағдайға құқық қорғау органдарының араласуына тура келді. Олар сәбилердің ата-анасы ішімдікке әуес екендігін және бірнеше күн қатарынан үйге қонбайтындықтарын анықтаған. Олар балаларын психикалық ауытқуы бар ұлы бар таныстарының үйіне қалдырып жүрген. Құқыққорғау органдарының мәліметінше, наурыз айының басында балаларды көпқабатты үйдің терезесінен лақтырып жіберген де дәл осы науқас бала екен. Полиция қызметкерлері бұл науқас жігітке адам өлтіруге әрекеттенді деген кінә тағып, ал бүлдіршіндердің әкесі мен анасын ата-аналық құқықтарынан айырды.

2012 жылдың шілде айындағы оқиға. Күйзелісте жүрген Өскемен қаласының тұрғыны баласын төртінші қабаттан лақтырып жібермек болған. Полиция қызметкерлері келген кезде үй ішінде айқай-шу болып жатады. Ашуға булыққан әйел өзінің төрт айлық қызын терезеден лақтырып жіберуге әрекеттенген. Ол балконға шығып, кішкентай сәбиін лақтырып жіберетінін айтып айқайға басқан. Долданған әйелдің дауысын естіген көршілер полиция қызметкерлерін шақырады. Тәртіп сақшылары қарсылық танытқан әйелден баланы аман-есен тартып алған. Зерттеу жұмыстары кезінде сәбидің анасы психионеврологиялық диспансерде «шизофрения» диагнозы бойынша тіркеуде тұрғандығы анықталған.

2015 жылдың сәуір айы. Семей қаласының 33 жастағы тұрғыны кішкентай ұлы мен қызын балконнан төменге тастап жіберген. Араға көп уақыт салмай өзі де секіріп кеткен. Қуанышқа орай, төртінші қабаттан құлаған үшеуі де дін аман. Соңынан белгілі болғандай, психикалық аурудан зардап шеккен әйел адамға сандырақ ойлар келіп, сан түрлі нәрселер елестейді екен. Сот әйелді психиатриялық диспансерде емдеуге жіберуге шешім шығарды. Ал балалардың одан кейінгі тағдыры сол күйі белгісіз қалды.