Семейлік боксшы халықаралық додада топ жарды

201
көрілім
Фотосурет Prosports.kz сайтынан

Жерлесіміз Мажарстанның Дебрецен шаһарында өткен Иштван Бочкай атындағы мемориалда үздік нәтиже көрсетті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Жалпы, әлем деңгейінде айтулы жарыс саналатын бәсекеде отандастарымыз бес алтын медаль иеленді. Финалға жеткені тоғыз. Соның ішінде, жеңіл салмақтағы (48 келі) Асхат Жүсіпов алғаш болып тұғырдың ең биігіне көтерілді. Ол финалда Украинадан келген Андрей Тишковецтен басым түсті.
Әрі қарай қазақстандық боксшыларға кілең Мажарстан елінің мықтылары қарсы тұрды.
Асылжан Серікбай (57 келі) Роланд Верешті ұтса, Бейбарыс Жексен (60 келі) Крузито Ковачты тізе бүктірді. Ертуған Зейнуллинов (63,5 келі) Ричард Ковачтың осал тұсын тапса, жерлесіміз Ерасыл Жақпеков 80 келіге дейінгі салмақта Пал Ковачты қапы қалдырды.
Бұдан өзге,  Даниял Сәбит (51 кг), Кенже Мұратұлы (54 кг), Сабыржан Аққалықов (71 кг) пен Темірлан Мұқатаев (86 кг) күміске қол созды.
Осы нәтижемен ел құрамасы командалық есепте бірінші орын иеленді.

Әділхан ЕСІМХАНОВ