ШҚО боксшылары жалпыкомандалық есепте үздік үштікті түйіндеді

385
көрілім

Алматыда жалауын көтерген жастар арасындағы ел чемпионаты мәресіне жетіп, өңір боксшылары айтарлықтай жоғары нәтиже көрсетті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Жастар жүлде үшін жан аямай талас жүргізді. Еліміздің әр түкпірінен ағылған былғары қолғап шеберлері медаль үшін ғана емес, алдағы уақытта құрама сапына өтуге барын салды. Себебі осыдан кейінгі ірі сайыстардың бірі сәуір айында Польшада өтетін жастар арасындағы Әлем чемпионаты. Бапкерлік құрам команда жасақтап, таңдаулы боксшыларды Кельце шаһарында өтетін шаршы алаң бәсекесіне қатыстырмақ.

Семейде тыңғылықты әзірлік жүргізіп барған шығысқазақстандық спортшылар да аталған чемпионаттан шет қалмады. Әлбетте, барлығына бірдей жүлдегер атану мүмкін болмады. Не дегенмен әр аймақта бір салмақтың мықтысы бар, соған сәйкес алтын жүлдені ешбірі оңайлықпен бере қоймайтындығы бесенеден белгілі еді. Шалқар Байсарин, Дастан Сақпан, Талғат Жақпеков сынды бапкерлер сайдың тасындай іріктелген 12 боксшыны апарды. Салған жерден жарқын жекпе-жек көрсетіп, қарсыластарынан бір бас жоғары өнер көрсеткен Ернар Қарап (46 келі), Руслан Күзеубаев (60 келі) және Бауыржан Сатжанов (64 келі) өзіндік бокс мәнерінің арқасында қорғаныста сауатты қимылдап, жүйелі шабуылдар ұйымдастыра білді. 81 келідегі Аян Сабыржанов та жойқын жұдырық иесі екендігін аңғартты. Алайда әр айналым сайын жарыс жолындағы жерлестеріміздің қатары сиреп, бірқатары сайыспен қоштасты. Әр салмақта бәсекелестік артып, жартылай финалға шығысқазақстандық бес өрен жолдама алды. Шиеленісті өткен жекпе-жекте Аян Сабыржанов (81 келі) пен Ілияс Қадыров (+91 келі) қарсыластары шымкенттік Дәурен Мамыр (81 келі) мен түркістандық Даниял Сапарбайға (+91 келі) есе жіберіп, қола медальға қанағат тұтты. Ал жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионы Руслан Күзеубаев (60 келі) төрешілер шешімімен жамбылдық Елнұр Сүйінбайға жол беріп, күміс медальға ие болды. Аймақ қоржынына қос бірдей алтын медальды аягөздік Бауыржан Сатжанов (64 келі) пен Ернар Қарап (46 келі) салды. Бауыржан шешуші сында Шымкенттік Абзал Серікті айқын ұтса, Ернар қарағандылық Рамазан Нұрлыбаевқа еш мүмкіндік бермеді.

Әділхан ЕСІМХАНОВ