ШҚО мен Вьетнам туризм, өндіріс салаларында бірлесе жұмыс атқармақ

334
көрілім

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев Вьетнам елшілігін қабылдады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Өңір басшысы Вьетнам Социалистік Республикасының Қазақстанстандағы төтенше және өкілетті елшісі Фам Тхай Ньы Майды және өкілдерін қабылдады. Бірқатар бастама көтеріліп, ШҚО мен Вьетнам арасындағы әріптестікті нығайту, инвестиция тарту сынды мәселелер жоспарланды.

Шығыс Қазақстан облысы Ресей мен Қытай сынды алпауыт мемлекеттермен шекаралас, оңтүстік пен солтүстікті, батыс пен шығысты қосатын алтын қақпа. Облыс еліміздегі маңызды түсті металлургияның ошағы, индустриялды-аграрлы аймақ. Өңір басшысы осы көрсеткіштерге тоқтала отырып, алдағы уақытта Вьетнам Социалистік Республикасымен туризм, жеңіл өнеркәсіп, ақпараттық технологиялар саласында бірлесе жұмыс атқаруға дайын екенін айтып өтті.

- Вьетнам брендтері әлемдік аренада сапасымен танымал. Екі ел арасындағы әріптестікті нығайта отырып, өнеркәсіп түрлерін дамытуға дайынбыз. Атап айтқанда, Вьетнам инвесторларымен бірігіп азық-түлік, жеңіл өнеркәсіп саласын, соның ішінде тігін саласының әлеуетін арттырғымыз келеді. Сонымен қатар Өскемен әуежайын Вьетнам мен Орта Азияны қосатын тиімді туристік нысанға айналдыру ойда бар, - деді Ермек Көшербаев.

Вьетнам Социалистік Республикасының фармацевтикалық-косметикалық брендтері Қазақстан нарығында сұранысқа ие. Ал шығыс жерінің асты да, үсті де байлыққа толы, осы бағытта да ұтымды бастама көтеруге болады.

- Шығыс Қазақстанда бірінші рет елшіліктемін, облыс табиғаты көз тартатын алып өндіріс орталығы екенін аңғартты. Вьетнамдық инвесторларға шығысқазақстандық салалардың қауқарлы екенін жеткіземін. Екі ел арасындағы әрптестікті нығайтуға дайынбыз,- деді Төтенше және өкілетті елші Фам Тхай Ньы Май.

Айта кетейік, өткен жылы Вьетнам мен Қазақстан арасындағы сауда көлемі 1 млрд АҚШ долларын құраған. Өңір басшысы Ермек Көшербаев тек ШҚО мен Вьетнам арасында осы көлемде серіктестік жасауды ұсынды.