ШҚО студенттері командаластарымен турнир кестесінде екінші орынға жайғасты

383
көрілім

Шығысқазақстандық волейболшылар Қазақстан Республикасы чемпионатының кезекті турын жақсы нәтижемен аяқтады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Павлодар қаласында волейболдан әйелдер командалары арасындағы 32-ші ел чемпионатының 3-ші туры мәресіне жетті. Ұлттық лига шеберлері бақ сынаған жарыста облыс атынан «BEREL» ұжымы сәтті өнер көрсетуде. Құрамында С. Аманжолов атындағы ШҚУ-дың екі студенті бар. Ойын үйлестірушісі Раянна Дюсенбаева мен орталық тосқауыл қоюшы Сәния Балағазинова. Қазір жерлестеріміз командаластарымен бірге турнир кестесінің екінші сатысына жайғасқан.


Студенттердің сөзінше, «BEREL» волейбол клубының негізі 2023 жылы қаланды. Өңір аумағында ағатын Берел өзенінің құрметіне ұжымды осылай атаған. Оған дейін бұл ойыншылар «Алтай» сапында өнер көрсеткен болатын.
– Спортпен кәсіби түрде айналысып жүріп, оқуды қатар алып жүру оңай емес, – дейді Сәния Балағазинова. – Бірақ біз сабақтан көп қалсақ, кейін тапсырмалар орындап, орнын толтырамыз. Қазір келесі турға дейін уақытымыз бар. Жарыс пен жаттығулардан қол босаған кезде оқуға ден қоямыз.


Раянна Дюсенбаеваның сөзінше, бірінші маусымды жаңа командамен өткізеді.
– 2023/2024 жылды тәуір тәмамдадық деп ойлаймын. Бірақ босаңсымау керек. Келесі тур Петропавл қаласында өтпек. Ақпан айының соңында басталады. Қазір бізге алғашқы төртікке енген командалар басты қарсылас: Қуаныш, Тұран, Жетісу және Алматы волейболшылары, – деді ол.


Ала допқа арбалған арулар «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша білім алуда. Сәния төртінші, Раянна үшінші курста оқиды. Оқу бітірген соң спорт саласында білікті маман болуды қалайды.
Фотосуреттер ШҚУ баспасөз қызметінен