ШҚО-да 400-ден астам жұмысшының алдында берешегі бар үш мекеменің тағы біреуі банкрот деп танылуы мүмкін

158
көрілім

Бұл туралы ақпаратты облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаменті, дәрменсіз борышкерлермен жұмыс басқармасының басшысы Сайран Уалибекова ұсынды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Соның бірі – «Кэмонт» акционерлік қоғамы. Одан кейін «Шығыс Строй Груп» пен «ВостокШахтоСтрой» мекемелері. Анықталғандай, «Кэмонт» АҚ-ға қатысты мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотта банкрот деп тану туралы өтінім қаралып жатыр.

– Бірақ қазіргі уақытта банкрот деп танылмады. «Шығыс Строй Груп» ЖШС бойынша банкроттық рәсім өтіп жатыр. Менің білуімше, жұмысшылар алдында еңбекақы бойынша берешегі жоқ. Бірақ бұл кәсіпорынның мемлекеттік бюджет алдында берешегі бар. «ВостокШахтоСтрой» АҚ жыл басында банкрот деп танылды. Менде бар ақпаратқа сәйкес, банк кредитор ретінде оны шешуге аппеляциялық шағым берген, бірақ қанағаттандырылмады, – деді басқарма басшысы.

Заңды тұлғалар банкрот деп танылған кезде олардың берешегі кредиторлар талабы бойынша реестрге енгізіледі.

– Біріншісі – еңбекақы бойынша берешек, екіншісі – банк алдындағы берешек, үшіншісі – бюджет алдындағы берешек. Одан кейінгісі, басқа да кредиторлар алдындағы берешек. Осының барлығы кезек-кезегімен бөлінеді де кредиторлардың талап-тізілімі әзірленеді, – деді басқарма басшысы.

Әділхан ЕСІМХАНОВ