ШҚО-да асықпай жұмыс істеген шенеуніктерге айыппұл салынды

81
көрілім

ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту Агенттігінің ШҚО филиалы Департаментінде «белгіленген уақытта антимонополиялық органға ақпарат ұсынбағаны үшін» Ұлан аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны хабарланды. Шенеунік әкімшілік жауапкершілік бойынша ағаттық жасаған көрінеді.

«Айыппұл толықтай төленді»

Анықталғандай, жауапты тұлға «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 162-бабына сәйкес «олқылыққа жол берді» деп филиал басшылығының талқысына түсті. Кейінірек ол кінәсін мойындап, жеңілдетілген мөлшерде 184 мың 600 теңге айыппұл арқалады. Ведомство ақпаратына сүйенсек, мемлекеттік бюджетке қаржы түсті, бірақ адамның аты-жөнін атамауды жөн көрді. Облыс әкімдігінің ресми ақпаратына сүйенсек, 2023 жылдан бері бұл қызметті Рустам Садуақасов атқарды.
Одан бөлек, дәл осы уақытта Күршім аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы жауапқа тартылғаны туралы ақпарат түсті.
– Аталған факті бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 162-бабы және бөлім басшысының өз кінәсін мойындауына сәйкес, нақты айтсақ, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 811-бабы, 1-бөлігіне сәйкес 184 мың 600 теңге көлемінде өндіру түріндегі әкімшілік айыппұл салынды. Бөлім басшысы бүгінде айыппұлды толықтай төледі, – делінген Департамент мәліметінде.
Айтпақшы, өткен жылдың күзінде Күршім ауданында тағы екі шенеунікке айыппұл салынған болатын. Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы монополияға қарсы органға жаңсақ мәлімет ұсынғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Қайталап жіберілген хаттар

Ал тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы жіберілген сұраухаттарға мүлде жауап бермеген. Жылыту маусымы таяған кезде аймақ көлемінде бөлшек саудада өткізу нарығында бәсекелестік анализі жүргізілді. Соның аясында өңірдегі қалалар мен аудан әкімдіктеріне сұраухат жіберілді. Оның ішінде Күршім ауданы әкімдігіндегі аталған бөлім жауап ұсынбаған. Департамент басшылығы ресми хатты қайта бір жіберді. Сонда да жауапсыз. Анықталғандай, осы әрекетіне байланысты ол бюджетке 172 500 теңге төледі.
Осы сияқты, бірақ Өскемен әкімдігіне қарасты тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы тақырыпқа тұздық болды. Ол да ақпаратты уақтылы жібере алмай, 184 мың 600 теңге төлеуге мәжбүр болды.
Бәлкім, атқамінерлерге бұдан да тезірек жұмыс істеу керек шығар? Бір жағынан бәсекелістікке әсер ету бойынша бағалау жүргізудің ережесі күшіне енді. Аталған ережені ойлап тапқандар мұның кәсіпкерлік қызметті реттеуге қажетті нормативтік-құқықтық актілер қатысты бәсекелестікке әсер ету бағасын бекіту үшін керек. Негізінде бұл реттеушілік әсер ету анализдерінің алғашқы кезеңдерінің бірі. Ережеде көрсетілген мақсаттар қиын емес: олар бәсекелестікті шектеу немесе жоюды болдырмауды, тауар нарықтарының жұмыс істеу тиімділігін арттыруды, мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуын шектеуді және шамадан тыс мемлекеттік реттеуді азайтуды қамтиды.

Асыл АЙТБАЕВ (Фотосурет ашық дереккөзден)