ШҚО-да былтыр төрт студенттік жатақхана пайдалануға берілген

333
көрілім

Бұл туралы Өскеменде өткен «Nur Otan» партиясы жанындағы «Jas Otan» ЖҚ ШҚОФ жастарды қолдау жөніндегі аймақтық кеңестің отырысы кезінде айтылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Өңір көлемінде 2025 жылға дейінгі «ЖАСТАР – ОТАНҒА!» жол картасын іске асыру бойынша 2021 жылға ТжКБ білім беру мекемелерінің жатақханаларына мониторинг жүргізудің қорытындысы талқыланды. Одан өзге, азаматтық жастар бастамаларын мемлекеттік қолдау шаралары, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде жастар жобаларын қаржыландыру көлемін бөлу барысы қаралды.

Облыстық Білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің бас маманы Гүлмира Ильясованың айтуынша,  былтыр жатақханалар бойынша келіп түскен өтініштер басшылыққа алынып, тиісті шаралар қолданды.

— Мониторинг барысында Jas Otan Жастар қанаты анықтаған мәселелер толықтай жойылып, жатақхана тәлімгеріне студенттердің бөлмелерді күтіп ұстауы бойынша нұсқаулық берілді. Сондай-ақ ескірген жиһаздарды жаңарту бойынша жұмыстар жүргізілуде, — деді ол.

Айта кетейік, өткен жылы төрт студенттік жатақхана пайдалануға берілсе, биыл үш студенттік жатақхананың құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.

Аймақта 500-ге жуық үкіметтік емес ұйым тіркелсе де, оның 20-ға жуығы ғана белсенді қызмет атқаруда. Бұл туралы ШҚО Ішкі саясат басқармасы жастармен жұмыс бөлімінің басшысы Еркебұлан Балтабеков айтып кетті.

— Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс негізінде бес волонтерлік жоба жүзеге асырылды. Бұл жұмыс осы жылы да жалғасын табады, — деді ол.

Кеңес төрағасының орынбасары А. Айтмұқаш жастар бастамаларын қолдау тұрақты негізде үнемі жүргізілетінін атап өтті.