ШҚО-да кәсіпкер азамат қымыздан балмұздақ жасап шығаруда

368
көрілім

Биыл өңірде Жастар жылы аясында бес жүзден астам жас кәсіпкер бизнес жобаларын қорғап, ісін бастау үшін арнайы гранттарға ие болды, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.

«Жас кәсіпкер» білім беру жобасы бойынша бір мыңнан астам адам бизнес негіздеріне оқытылды, олардың басым бөлігі жеңілдетілген несиелер мен тегін гранттарға қол жеткізді. Бұл туралы облыстық әкімдік отырысында ішкі саясат басқармасының басшысы Ирина Смит мәлімдеді. Яғни жоба аясында жоғары оқу орнын тәмамдаған және жұмыссыз жүрген жастар өздерінің бизнес идеяларын жүзеге асыру мүмкіндігіне ие болды.

– Облыста жастар кәсіпкерлігін дамыту бойынша арнайы бағдарламалар мен қолдау шаралары алға қойылған. Өңірде жас отбасылар үшін тұрғын үй мәселесін шешу, жұмыспен қамту, сапалы білім беру, денсаулығын жақсарту қолдау және әлеуметтік қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыс атқарылуда. Бүгінгі таңда жергілікті бюджет есебінен 1046 студент жоғары оқу орындарында білім алуда, - деді өз сөзінде облыс әкімі Даниал Ахметов.

Мемлекет көмегіне ие болған жастың бірі Абай ауданының тұрғыны, 21 жастағы Айдын Серікқазин. Айдын мамандығы бойынша техник бағдарламашы, университет түлегі. Ол қымыздан балмұздақ жасап шығару идеясын жүзеге асырып, 500 мың мемлекеттік грантқа арнайы аппарат сатып алып, кәсібін жолға қоймақ.

– Бұл идея мені көптен бері қызықтырып жүрген. Біздің нарықта ұлттық әрі пайдалы қымыздан жасалған өнім түрлері кемде-кем. Сонымен қатар балмұздаққа жас та, бала да әуес. Яғни денсаулыққа пайдалы табиғи өнім күнделікті тірлігімізде қолданылса, халық денсаулығына зор септігін тигізері анық, - дейді жас кәсіпкер. Айдынның алға қойған жоспары көп, талабы зор. Алдағы уақытта Абай ауданында ғана емес, өңір бойынша сауда нүктелерін ашуды көздеп отыр.

Жалпы, облыста жастар кәсіпкерлігін қолдап, оларға мүмкіндік беру жолдары жылдан-жылға қанат жайып келеді. Бұл ретте мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың да рөлі орасан зор. Айта кетсек, «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 15 жас кәсіпкерге 34 млн.теңге көлемінде грант берілді.