ШҚО-да қызметіне атүсті қараған депутаттар аз емес

289
көрілім

Өңірімізде қызметінде сылбырлық танытқан депутаттар баршылық. Бұл туралы облыстық әкімдіктің кезекті XXXIII сессиясында айтылды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Облыстық мәслихат хатшысы Владимир Головатюктың айтуынша, соңғы уақыттары жүктелген жұмыстарды жөнді орындамаған облыстық мәслихат депутаттарының саны көбейген. Аймақ басшысы қаншама рет ескерту жасаса да маңызды жиындарға келу жағы тіптен сирей түскен.

- Тоқтап тұрған жұмыстар жетерлік. Бұл ретте қызметіне кірісейін деген жауапты тұлғалар көрінбейді. Олардың кеңейтілген аппарат отырыстарында, кезекті сессияларда біркісідей қатысып, көтерілген мәселелерден шет қалмаулары тиіс еді. Осы ретте жүргізілген сараптама нәтижесінде бірнеше мәслихат депутатына жұмысына немқұрайлы қарамаулары жайында хат та жіберілді, - дейді облыстық мәслихат хатшысы.

Бұл ретте аймақ басшысы жұмысына жауапсыздықпен қарағандардың аты-жөнін айтып, мәселенің мән-жайына үнілуге қолқа салған еді барлығы бұл жағын жылы жауып құтылды. Өзінің есеп беруінде Владимир Головатюк тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдауды қолға алып жатқандықтарын тілге тиек етті. Айтуынша, халық басым жағдайда тұрғын-үй, ауыл шаруашылығы мәселелері бойынша бұйымтайларын жеткізеді. Мәселен жылдың басынан бері түскен түрлі өтініштердің 183-і оң шешімін тапса, тағы 20-сы бақылауға алынған. Сондай-ақ жыл басталғалы облыстық әкімдік аппаратына келіп түскен 42 өтініштің 26-сы әлеуметтік бағытты қамтыды.

Әділхан ЕСІМХАНОВ