ШҚО-да саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты жаңа құжаттар табылды

273
көрілім

Шығыс Қазақстан облысында мұрағаттардан саяси қуғын-сүргін көріп, әлі күнге дейін ақталмаған 2847 адамның ісі табылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

ШҚО әкімі Даниал Ахметов саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссияның есебін тыңдады.

«Тарихшылар, ғалымдар мен жоғары оқу орындарының оқытушылары үлкен әрі маңызды жұмыс атқарды. Мұрағаттардан ақталмаған 2847 адамның ісі табылған. Олардың 2666-сы оңалту шараларымен қамтылуы тиіс. Бүгінде комиссия барлық қажетті құжаттарды дайындап қойды. Өз туыстарының тағдыры туралы білгісі келетін азаматтардың өтініштерінен кейін біз арнайы портал аштық. Онда қалдырылған әр өтінішті мамандар міндетті түрде қарастырады. Қазірдің өзінде 494 іс мемлекеттік комиссияның қарауына жіберілмек», - деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ комиссия күштеп жер аударылған 203 адамның ісін толық зерделеді. Оның үстіне алғаш рет олардың нақты саны анықталмақ.

«Бұдан бөлек, мамандар Ұлы Отан соғысы кезінде концлагерьлерде болған шығысқазақстандық тұтқындардың істерімен жұмыс істеуде. Осы жұмысқа студенттерді, магистранттарды, волонтерлерді тарту қажет. Біз өз тарапымыздан оларды қажетті жабдықпен қамтамасыз етуге дайынбыз. Тарих ешқашанда ұмытылмауы және бұрмаланбауы керек! Бұл саяси кезең толыққанды зерттелуі тиіс», - деді Даниал Ахметов.