ШҚО-да Ұлы ақынның жаңа басылымдары жоспарлануда

268
көрілім

Ұлы ақынның 175 жылдығына орай кітаптар мен фотоальбомдар шығарылады.
Бұл туралы ақпарат Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру туралы баяндамасында мәлімдеді.
Абай Құнанбаевтың алғашқы кітабы араб әліпбиінде1909 жылы Санкт-Петербургте басылып шықты. Бұл жұмысты қазіргі қазақ тілінде қайта басып шығару 2020 жылға жоспарланып отыр. Кітап мың дана тиражбен шығарылмақ. Қазақ әдебиетінің негізін салушының бес томдық шығармасы да осындай данамен жарыққа шықпақ.
Сондай-ақ мерейтойға орай абайтану жөніндегі таңдамалы жұмыстарды, хәкім Абай туралы төрт томдық зерттеулерді де жарыққа шығару жоспарлануда. Сондай-ақ Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов болған жерлердің фотоальбомы шығарылады. Суреттерге түсініктеме қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде беріледі.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі Нұрбұлан Өтепбаевтың «Абай-175» атты открыткалар жинағы да үш тілде баспадан шығады.