ШҚО-да жыл басталғалы 20-дан астам кәсіпке кедергі келтіру жағдайлары тіркелген

2093
көрілім

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің ШҚО департаменті превенция басқармасының басшысы Архат Бейсембаев «Бизнеске жол» жобасы аясында атқарылған жұмыстарға тоқталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Жауапты тұлға соңғы уақыттары кәсіпкерлер жер учаскелерін пайдалану мерзімін ұзарту бойынша келісімшартқа қол қою кезінде кедергілерге жиі ұшырап жүргендерін сөз етті. Заң бойынша жер комиссиясының қарауын қажет етпейтін сәттерде жергілікті атқарушы органдар жағдайды қиындатып жіберген.

– Жер пайдалану келісімшартының барлық шарттары сақталса да, түскен өтініштердің көбі қанағаттандырылмады. Ал бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдері болып саналады. Осындай жайттар тек біздің өңірде ғана емес, республиканың барлық дерлік аймақтарында тіркелді. Бұған түрлі мысал келтіруге болады. Айталық, кәсіпкерлер әлдеқандай тауар жеткізу бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсын ұтқан кезде мемлекеттік органдар өз міндеттерін уақтылы орындамайды. Іскер жандар өздеріне тиесілі қаражатты ала алмай, түрлі органдарға өтініш-шағымын жеткізеді. Кәсіпкер болған соң жұмысына қарай ақшаның уақтылы аударылуы оған дейін кеткен шығындарын жауып, есеп-қисабын жасауға мүмкіндік береді. Бизнестегі кедергілер оларға әсер етпеуі керек, – деді Архат Абжатұлы.

Сондай-ақ басқарма басшысы биыл облыс аумағында кәсіпке кедергі келтірудің 20-дан астам фактісі анықталғанын жеткізді. Бұл ретте кәсіпкерлер құқығы тапталмауы үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен тығыз жұмыс істеуде.

Әділхан ЕСІМХАНОВ