ШҚО-дағы ХҚКО мамандары қызмет алушыларды мерекелік көңіл күймен қарсы алды

1113
көрілім

Бүгін өңірдегі ХҚКО бөлімдерінің мамандары қызмет алушыларын ұлттық киімде қарсы алды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Мамандардың айтуынша, таңсәріден бері барлық бөлімдер жұмысын мерекелік көңіл-күй бастады. Жайдары мінез танытқан қыздар мен жылы шырайлы жігіттер мемлекеттік қызмет алуға келгендерді Наурыз мейрамымен құттықтаумен болды. «Наурыз құтты болсын! Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын! Қайда барса жол болсын! Қызыр ата қолдасын!» деген лебіздерден соң келгендердің көпшілігі қайтуға еш асықпады.

Біртіндеп көңілі шат қызмет алушылар өзара әңгіме-дүкен құруға ойысты. Келгендердің көбі дастархан басынан бауырсақ, тәттілерден ауыз тиюмен қатар бір бірлерін құттықтап біршама кідірді.

- Мені бұлай қарсы алады деп ойлаған жоқпын, - деп күлімдеді Өскемен қаласының тұрғыны Ольга Петрова. - ХҚКО-ға зейнетақы кітапшасын алуға келген едім. Ойымда тек жұмысымды тезірек бітіріп, бастаған ісімді бүгіннен қалмай аяқтау ғана болды. Мұндай жарқын сәттерден соң үйіме қайтқым келмей қалды. Рахмет сіздерге. Мерекелеріңізбен!

- Ал біз барлық қазақстандықтарды тағы бір мәрте келе жатқан мейрамдарымен құттықтаймыз! Сіздерге бейбіт өмір мен денсаулық тілейміз! - дейді ХҚКО мамандары.