«Слово пацана. Кровь на асфальте» фильмі жастарға кері әсер етуі мүмкін - полиция

277
көрілім
Фото:www.cybersport.ru сайтынан

Алматы облысы Қарасай ауданының полиция басқармасы ресейлік «Слово пацана. Кровь на асфальте» сериалының жастарға кері әсер етуі мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

Полицияның мәліметінше, 9 қарашадан бастап ресейлік жаңа сериал көрсетіле бастады.

«Сериал жасөспірімдер мен мектеп ортасында қылмыстық романтиканы насихаттайды, зорлық — зомбылық, ішімдік ішу, дөрекілік пен заң бұзушылықтың көптеген көріністерін қамтиды, сюжет бойынша басты назарда — мектеп оқушылары. Шамасы, фильмнің басты мақсатты аудиториясы жасөспірімдер болып табылады. Бұл ретте „18+“ белгісінің маңызы да бола қоймас, ол арқылы балалар керісінше сериалды көріп қалғысы келетін болады», — делінеді полиция таратқан хабарламада.

Қарасай аудандық полиция басқармасы ата-аналар мен мектеп мұғалімдерін аталған сериалды көрген соң, балалардың назарын бақылауда ұстауға шақырды. Сондай-ақ, сериалда бандиттердің өмірі жаман аяқталуына байланысты онда жоғары мораль бар екенін хабарлады.

«Жастар арасында қылмыстың өсуіне жол бермеу керек. Көп жасөспірімдер киноның әсерінен ондағы кейіпкерлерге ұқсағысы келеді, нәтижесінде жасөспірімдердің тағдыры бұзылып жатады. Біз түрмелердің жанында сөмке ұстаған аналарды көрмеу үшін бірлесе отырып, жасөспірімдердің өмірін бұзуға жол бермеуіміз керек. Әлемге басқаша қарау керек. Себебі, төбелес, алкоголь, топтасу — ол жақсылық емес. Бұл жерде ешқандай романтика, сұлулық, батырлық жоқ. Онда тек қан, тер, азап пен қарғыс бар. Біз жастар үшін жауаптымыз. Егер бүгін біз әрекетсіз отырсақ, ертең адасқан ұрпақ шығады. Ал елдің болашағы сіз бен біздің қандай жас ұрпақты тәрбиелеп отыруымызбен тікелей байланысты», — деп мәлімдеді Қарасай ауданының полиция басқармасы.

Еске салайық, Алматы облысында мектеп оқушылары жаппай төбелес шығарған болатын.