Тасқынға тосқауыл қою үшін

263
көрілім

Аймақ басшысы Даниал Ахметов тасқын судың алдын алуға қатысты бірқатар министрліктер құрастырған бағдарламаны мақсатсыз деп таныды. Мәселен, ішкі істер, ауыл шаруашылығы, энергетика, сондай-ақ, инвестиция және даму министрліктері «Су тасқыны қаупінің алдын алу және оларды жою бойынша 2017–2020 жылдарға арналған шаралар кешені» Жол картасына қол қойған. Алайда ШҚО әкімі осы уақыт ішінде ауыз толтырып айтарлық істің жүрмегенін айтады.

Әкімдік ғимаратында өткен жиналыс барысында баяндама жасаған облыстық Табиғи ресурстар мен табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Медет Нұрғалиев 3 министрлік бекіткен шараларды іске асыру үшін жергілікті бюджеттен қаражат қажет екендігін айтты. Алайда Даниал Ахметов су тасқынының алдын алу бағдарламасын министрліктерсіз-ақ құрастыруға болатындығын жеткізді.

– Әкімдік ол бағдарламаға қол қойған жоқ. Құжаттарды көтеріп, қайта тексеріңдер. Бәрі бірауыздан «жергілікті бюджет төлесін» дейді. Егер жергілікті бюджет болса, онда министрліктерсіз-ақ, өз бағдарламамызды құрастырамыз, – дейді Даниал Ахметов.

Аймақ басшысы комиссия құрып, 2 айдың ішінде биыл болған су тасқыны негізінде егжей-тегжейлі «ШҚО Жол картасы» жасалуын тапсырды. Оның негізінде ведомстволық нысандарды қаржыландыру қарастырылмақ. Даниал Ахметов сонымен қатар, ТЖ басқармасына көшпелі мотопомп, қуаттылығы сағатына 720 текше метр су соратын 4 мотопомп және Өскемен мен Семейге 2 биік өрт сөндіру баспалдағын алу үшін қосымша 500 миллион теңге бөлу туралы тапсырма берді.

Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ