Ұлан ауданындағы жол белгісі тұрғындарға қиындық тудырған

857
көрілім

Ұлан ауданындағы Ұлан ауылынан 2-3 шақырым жердегі жолдың бойында жүк көліктерінің жүруіне тыйым салынған жол белгісі орнатылған. Бұл жүк көліктері бар ауыл тұрғындарына қиындық тудырғаны рас, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Газет редакциясында хабарласқан Әлібек Бағзатовтың (аты-жөні өзгертілген) айтуынша, жүк көліктерінің жүруіне тыйым салатын жол белгісі жергілікті жұрттың отын-көмір, шөп тасуына кедергі келтіруде.

– Сонда біз не істеуіміз керек? Көмірді көлікпен тасимыз ба? Бұл жол белгісі қандай мақсатта орнатылған? – дейді ол.

Бұл мәселе қатысты редакциямыздың ресми сұраухатына Ұлан ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Руслан Серғазин жауап берді.

– 2018 жылы облыстық бюджет есебінен 75 млн теңгеге «РД-Ұлан-Бозанбай» көлік жолының 0-5 шақырым учаскесіне (Ұлан ауылына дейінгі жол) орташа жөндеу жүргізілген. Сол жылы республикалық маңызы бар «Алматы-Өскемен» тасжолын қайта жаңарту жұмыстарының мердігері «Тодини Централ Азия» ЖШС аталған жолдың бойында өндірістік базасын орнатып, жөнделген жолды бұза бастады. Осыған орай аудандық жол полиция бөлімшесімен келісе отырып, 3.4 «Жүк автокөліктерінің қозғалысына тыйым салынады» жол белгісі орнатылды. Тұрғындардың мәселесін шешу үшін биылғы жылдың маусым айында бұл жол белгісіне «8 тонна» қосымша тақтайша орнатылатын болады, – дейді шенеунік.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ