Зауыттан шыққан жаңа автокөлікті техникалық байқаудан өткізуім керек пе?

705
көрілім
2011 жылы шығарылған «ВАЗ 21154-110-30» маркалы автокөлім бар. Білуімше, зауыттан шығарылған жаңа автокөліктерді 7 жылға дейін техникалық байқаудан өткізбей-ақ қоюға болады. Жақында көлігімді тоқтатқан жол инспекторы ресейлік көліктердің шетелдік автокөліктер санатына жатпайтынын айтып, техникалық байқаудан тек бес жылға дейін ғана босатылғанымды айтты. Сонда бұл қалай болғаны? Бірнеше жыл бұрын шыққан талаптың әр көлік маркаларына әртүрлі болғаны ма? Осыны анықтап берсеңіздер екен.

Бағылай С., Зайсан ауданы

«Механикалық көлік құралдары мен олардың тіркемелерін міндетті техникалық қарап-тексеруді ұйымдастыру және жүргізу қағидаларын, механикалық көлік құралдары мен олардың тіркемелерін міндетті техникалық қарап-тексеруден өткізу кезеңділігін бекіту туралы» ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің бұйрығына сәйкес, міндетті техникалық қарап-тексеруден әрбір 12 ай сайын шығарылған жылын қоса алғанда, жылы 7 жылдан асатын, автомобиль көлігі саласындағы кәсіпкерлік қызметте пайдаланылмайтын М1 санаттағы, N1-3, O1-4, L1-7, G, сондай-ақ қауіпті жүктерді тасымалдауға арналған және жабдықталған арнайы және мамандандырылған көлік құралдары өткізіледі, — дейді ШҚО ІІД МТАБ басшысы Бақытжан Торғаев. – Сонымен қатар «Жол жүрісі туралы» Заңының 88-бабы, 1-бөлімінде шыққан жылын қоса алғанда, шығарылғанына жеті жылдан аспаған және автокөлік саласында кәсіпкерлік қызметте пайдаланылмайтын М1 санаттағы көлік құралдарын қоспағанда, ел аумағында жол жүрісіне қатысатын және уәкілетті органдарда тіркелген механикалық көлік құралдары мен олардың тіркемелері міндетті техникалық қарап-тексеруге жатады және көлік құралдарының міндетті техникалық қарап-тексеруден өтуі шығарушы зауытқа байланысты емес. Көлік құралдарының міндетті техникалық қарап-тексеруден өту мерзімділігі «Жол жүрісі туралы» заңымен белгіленгендіктен оның талаптары ел аумағында жол қозғалысына қатысатын барлық көлік құралдарына қатысты.

Көлігін міндетті техникалық қарап-тексеруден өткізбеген көлік иесіне Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 590-бабы, 9-тармағына сәйкес 5 АЕК (11 345 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады.

М1 санатына — жолаушыларды тасымалдайтын және жүргізуші орнынан басқа сегіз отыратын орны бар көлік құралдары жатады. Аталмыш санатқа жеңіл көліктер енеді.

N санатына — Жүк тасымалдауға арналған көлік құралдары, яғни жүк көліктері жатады.

L санатына — мотокөлік құралдары, яғни мотоциклдер, мотороллерлер, трициклдер , квадрициклдер жатады.

G санатынажүру өтімділігі жоғары көліктер жатады.