Зайсан ауданында балықты заңсыз тасымалдаудың үш фактісі анықталды

447
көрілім

Ақпан айының 3-і күні Зайсан ауданының полицейлері Зайсан қаласын патрульдеу кезінде үйлердің бірінің жанында «ВАЗ» автокөлігін тоқтатқан, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Рөлде отырған Күршім ауылының 38 жастағы тұрғыны екен. Көлікті тексеру кезінде қызметкерлер тиісті құжаттары жоқ 30 келі балық тәркілеген.

- Қазіргі уақытта материал Зайсан аудандық балық инспекциясы бөліміне ҚР ӘҚБтК-нің 389-бабы (жабайы жануарлар мен өсімдіктердің түрлерін және олардың бөліктері мен дериваттарын заңсыз сатып алу, өткізу, тасымалдау, әкелу, әкету, сақтау (ұстау) бойынша сотқа жолдау үшін жіберілді, - делінген мәліметте.

Балықты заңсыз тасымалдаудың тағы бір фактісі ақпан айының 8-і күні республикалық маңызы бар «Омбы- Майқапшағай» тасжолында анықталды.

ШҚО ПД патрульді полиция бөлімінің қызметкерлері 42 жастағы облыс тұрғыны жүргізіп келе жатқан «Mercedes-Benz» мәшинесін тоқтатқан. Көлікті тексеру кезінде тиісті құжаттарысыз әр түрлі балықтармен толтырылған екі қап табылды. Нәтижесінде алты келі табан мен екі келі шортан тәркіленіп, жалпы шығын 19 296 теңгені құрады.

Жиналған материал ҚР ӘҚБтК-нің 389-бабы бойынша 42 жастағы тәртіп бұзушыға қатысты шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.

Келесі күні Зайсан көлінің жағасында осындай жайт болды.

Ақпан айының 9-ы күні учаскелік полиция инспекторы «Охотзоопром» РМҚК инспекторымен және Көкпекті балық инспекциясының қызметкерімен бірлесіп, Зайсан көлінің солтүстік-батыс учаскесінде балық аулауға тыйым салынған аумақта 34 жастағы ер адам тізгіндеген «УАЗ» автокөлігін тоқтатты.

- Облыс тұрғынының көлігін тексерген кезде: 4 кг көксерке, 18 кг шортан, 50 кг табан, 2 кг мөңке табылды. Мемлекетке келтірілген залал 230 827 тг құрады. Материал ҚР ӘҚБтК-нің 389-бабы бойынша сотқа жіберу үшін Зайсан аудандық балық инспекциясы бөліміне жіберілді, - ШҚО ПД баспасөз қызметіндегілер.

Еске сала кетейік, облыс аумағында «Құқықтық тәртіп» ЖПІШ 15 қаңтардан бастап ерекше өкімге дейін жалғасады.