Жол инспекторының талабы қаншалықты заңды?

579
көрілім
Жақында жол-патрульдік полициясының қызметкері тоқтатып, маған тиесілі «Газель» көлігінің артқы нөмірінің шанақ қабырғасында қайталанбайтынын айтты. Оның үстіне көліктің жалпы салмағы 3,5 тоннадан аспайды. Бұл «Газель» көлігінің «В» санатындағы жеңіл көліктер қатарына жататынын білдіреді. Ал еліміздің жол ережелерінде көліктің артқы нөмірі тек жүк көліктерінде ғана қайталануы керек екендігі талап етіледі. Бұдан жол инспекторы талабының қаншалықты заңды екендігі жөнінде сұрақ туындайды.

Жеңісхан Д., Глубокое ауданы

Сіздің сұрағыңызға жауапты ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың арнайы блог-платформасынан табудың сәті түсті:

«Жүргізуші куәлігінің және көлік құралдарын тіркеу туралы куәліктің жаңа үлгілерін енгізу туралы» Ішкі істер министрінің 2000 жылғы 27 қарашадағы № 644 бұйрығына сәйкес рұқсат етілген салмағы 3500 келіге дейінгі көлік құралдары «В» санатына жатады, — делінген министрдің жауабында. — Сонымен қатар ГОСТ 31286-2005 «Жол көлігі. Негізгі терминдер мен анықтамалар. Сыныптамасы» мемлекеттік стандартына сәйкес сіздің көлігіңіз жүк тасымалдауға арналған. Осыған орай көлігіңіздің мемлекеттік тіркеу нөмірі шанақтың артқы қабырғасында міндетті түрде қайталануы қажет».

Қоса кетсек, ҚР Жол ережелерінде тіркеу нөмірінің сандары мен әріптері жүк көліктерінің, тіркемелердің және автобустардың шанақтарының артқы қабырғасында қайталанып жазылуы қажет деп көрсетілген. Сандардың биіктігі үш жүз миллиметрден, ені жүз жиырма миллиметрден, ал таңба сызығының қалыңдығы отыз миллиметрден, әріптер сандардың 2/3 бөлігіне сай жазылуы керек.