19-25 сәуір аралығына арналған жұлдыз-жорамал

703
көрілім

Тоқты

Өзіңіз ұнатқан адамның сізге деген ынтызарлығын ояту үшін біршама еңбектенуіңіз қажет. Өзгенің назарын аудару оңайға соқпайын деп тұр. Барлығы өз қолыңызда. Әріптестеріңізбен ойда-жоқта сөзге келіп қалудан сақ болыңыз.

Торпақ

Қазір жұмысқа кешікпегеніңіз дұрыс. Басшылықтың бар назары сізге ауған. Ұрыс-керістің алдын алып, арық айтып, семіз шығуға дағдыланыңыз. Әлдекім жұмысыңыздан шикілік тапса, «қарсы шабуылға» шықпай, салқынқанды кейіп танытыңыз.

Егіздер

Ескі сырқатыңыз сыр беріп, өзіңізді біртүрлі жайсыз сезінесіз. Мұндай жағдайды бақылауға алудың бір ғана әдісі бар: салауатты өмір салтын ұстаныңыз. Демалыс күндері үйде қамалып отырғанша таза ауаға шығып, серуендеп қайтыңыз.

Шаян

Көптеген Шаяндар қазір махаббат кемесіне отырып, бақыттың құшағына енгендей болады. Дегенмен қуанышыңыз ұзаққа созылмайтын сыңайлы. Қауырт тірліктер мен үсті-үстіне қаптаған тапсырмалар әп-сәтте ойыңызды сан-саққа кетіреді.

Арыстан

Біршама пайда әкелетін, алайда тәуекел етуге мәжбүрлейтін ұсыныс түсуі мүмкін. Өзіңіздің қарым-қабілетіңізге кәміл сенсеңіз ғана қабылдаған жөн. Мейілінше жұмысқа білек сыбана кірісіңіз. Бүгін еселі еңбектенсеңіз, ертең демалыс алуға мүмкіндік аласыз.

Бикеш

Сүйіктіңізбен сөзге келіп, өзіңіздікін дәлелдеймін деп құлшынбағаныңыз ләзім. Ең дұрысы, аз уақытқа болсын әрбіріңіз оңаша қалып, болған жайтты ой елегінен өткізу қажет. Қазір қымбат зат сатып алуға қолайсыз уақыт.

Таразы

Қандай таңдау жасасаңыз да жеті рет өлшеп, бір рет кесіңіз. Жедеғабыл, асығыс қабылданған шешімнің соңы абырой таптырмас. Апта соңына қарай ықпалды адамдармен жолығудың сәті түседі. Сол жерде өзіңізді жаңа қырыңыздан көрсетесіз.

Сарышаян

Осыған дейін мүлдем араласпай кеткен таныстарыңыз төбе көрсетіп, қаржылай көмек сұраулары мүмкін. Апыр-ай, дәл қазір қолайсыз мерзім! Себебі басшылық алдында өз жобаңызды қорғап, қабілетіңіздің әріде жатқанын дәлелдеуіңіз керек.

Мерген

Сезім қылы үзіліп, сүйген адамыңызбен жолыңыз екіге айырылғалы тұр. Егер мұны тағдырдың жіберген сынағы деп қабылдасаңыз, алдағы уақытта жаңа мүмкіндіктер сыйлайтын есіктердің қақпасы айқара ашылады. Бастысы, босаңсымаңыз.

Тауешкі

Сәуір айының 22-25 аралығында сүйінші хабар күтіңіз. Маңызы зор жобалар ойыңызға келсе қазірден бастап қолға алыңыз. Туыс-туғандарыңыз тосын хабар айтып, көңіл-күйіңізді түсіріп жіберулері ғажап емес. Ондайда болған жайтқа қаз-қалпы қарауға тырысқан ләзім.

Суқұйғыш

Көкке көтеріліп алысқа сапарға шексеңіз де, жаңа тапсырмалар алып, жұмысқа зор құлшыныс танытсаңыз да соңында басшылық тарапынан лайықты бағаңызды аласыз. Демалыс күндері қызықты кітап оқып, рухани азықтануға тырысыңыз.

Балықтар

Отағасымен сөзге келмей, шаңырағыңызда шаттық орнауын қаласаңыз билікті бір сәт ер адамға беріңіз. Ал өзіңіз ескі-құсқы заттардан арылып, пәтер ішіне өзгеріс енгізіп көріңіз. Бір жағы жұмыс, бір жағы ойыңыз бөлініп, ұсақ-түйек мәселелерді бір сәт жадыңыздан шығарасыз.