2020 жылы кімдерге қандай төлемақылар тиесілі?

410
көрілім
Шартты фотосурет

Көптеген өскемендіктер бұған дейін жалғасып келе жатқан дәстүрлі шарадан жылда дәмелі. Айталық, 9 Мамырда соғыс ардагерлерін, 8 наурызда барлық нәзік жандыларды, әсіресе алтын құрсақты аналарымызға құттықтаулар легі «қарша борап» жатады. Мереке иелерін құр құттықтап қана қоймай, оларға тиісті қаржылай сыйлықтар да ұсынады. Сонда осы жылғы жоспарланған сыйақылар мөлшері қандай, кімдерге тағайындалмақ және қай мереке күндері берілетіні жайлы сайт тілшісі сұрастырып көрген еді.

Өткен жылы қалалық мәслихат депутаттары әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерін бекітіп, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастамасымен соған мұқтаж жандарға тиесілі жекелеген санаттар тізбесін анықтаған болатын.

Көрсетілген Ереженің 10-тармағында бір жолғы әлеуметтік көмек төлемі төленетін жеті мереке күні белгіленген екен.

Интернационалист-жауынгерлерге

15 ақпан – Ауғанстаннан кеңес әскерлерінің шығарылған күні екені баршамызға белгілі.

Мұндай датаға 35 АЕК (биыл 92785 теңге) көлеміндегі бір жолғы әлеуметтік көмек тағайындау жоспарланған. Аталған төлемақыны кеңес әскері мен теңіз флотында, одан бөлек, мемлекет қауіпсіздігін қорғау комитеті мен КСРО Ішкі істер министрлігінде қызмет атқарғандар алуға құқылы. Олардың әскери іс-қимыл кезінде Ауғанстанға барып, оқу-жаттығу жиындарына қатысқан, сондай-ақ бұрынғы КСРО аумағынан аталған жаққа жүк жеткізіп, маңызды тапсырма аясында арнайы ұшып барған әскерилер де қосылады.

Сонымен қатар 35 АЕК көлеміндегі төлемақы Ауғанстандағы немесе басқа мемлекеттегі әскери іс-қимыл барысында жарақат алып, сырқатқа шалдығып, із-түзсіз кеткен немесе қаза болған әскерилердің отбасыларына берілмек.

Көпбалалы отбасыларға

Халықаралық Әйелдер күні, яғни 8-наурыз мейрамы күні:

  • «Алтын алқа» төсбелгісін немесе бұған дейін бірінші және екінші дәрежелі «Батыр ана» мен «Ана даңқы» атағына ие болған көпбалалы аналар – 8 АЕК (21208 теңге);

  • «Күміс алқа» иегері атанған көпбалалы аналар – 6 АЕК (15906 теңге);

  • Бір үйде төрт немесе одан да көп кәмелеттік жасқа толмаған балалары болса, орта, техникалық, кәсіби, орта білімнен кейін және ЖОО-дан кейін ақылы негізде оқыса (алайда 23 жасқа толмаған болулары қажет) - 6 АЕК (15906 теңге) мөлшеріндегі төлемақыға ие болады.

Апат зардабын жоюшыларға

Халықаралық радиациялық апаттар құрбандарын еске алу күні – 26 сәуір екені баршамызға аян. Бұл орайда бекітілген төлемақылар мынадай:

  • 1986-87 жылдары Чернобыль АЭС-нде болған апат зардабын жоюға, басқа да әскери және азаматтық объектілердегі қирау мен апаттарға және ядролық оқу-жаттығулар мен сынақтарға қатысқан жандарға – 35 АЕК (92785 теңге);

  • 1988-1989 жылдары Чернобыль АЭС-нде болған апатты жою жұмыстарына қатысқандарға - 35 АЕК (92785 теңге);

  • Чернобыль АЭС-нде болған апатты жоюда азаматтық мақсаттағы аумақтағы басқа да радиациялық апаттар болған жерде опат болғандардың отбасына 35 АЕК (92785 теңге);

  • Чернобыль АЭС-ндегі және басқа да радиациялық апаттар, сондай-ақ азаматтық немесе әскери маңызды объектілерде болған жарылыс салдарынан яки болмаса ядролық қаруды сынақтан өткізу кезінде мүгедектікке ұшыраған жандарға, ата-аналарының бірінің радиациялық сәуле алуына байланысты генетикалық ауытқуы бар олардың балаларына – 25 АЕК (66275 теңге) мөлшеріндегі төлемақы төленбек.

Зейнеткерлердің кейбір топтарына

Қазақстан халқының Бірлігі күнінде – 1 Мамырда зейнеткерлерге берілетін бір жолғы төлемақы зейнетақы мөлшері 66 мың теңгеден аспайтын ардагерлерге беріледі. Төлем мөлшері 6 АЕК (15906 теңге).

Отан соғысының ардагерлеріне

9 мамыр – Жеңіс күніне орай бір жолғы төлемақы келесі санаттағы жандарға берілмек:

  • ҰОС ардагерлері мен мүгедектеріне – 215 АЕК (569965 теңге);

  • Бұрынғы КСРО-ның мемлекеттік қауіпсіздік органы құрамындағы және ішкі істер органдары басшылық құрамының қызметкерлеріне қызметтік міндетін атқару немесе әскери қимылдар болған елдерде міндетін атқарып келіп сырқатқа шалдығып, жарақат алып, жарымжан болғандарға – 35 АЕК (92785 теңге);

  • Кеңес Армиясындағы ерікті жалдама құрамының, Әскери-теңіз флотының адамдарына, ішкі істер органдарына және бұрынғы КСРО мемлекеттік қауіпсіздігінің, ҰОС кезеңінде әскер құрамына енген әскери штабтарда, мекемелерде болып, соғыс қорғанысына қатысу 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін жеңілдікпен зейнетақы тағайындау үшін еңбек сіңірген жылдарына есептеледі – 35 АЕК (92785 теңге);

  • ҰОС жылдарында әскер құрамындағы бөлімдер, мекемелер мен штабқа жасақ және юнга балалары есебінде енген жандарға – 35 АЕК (92785 теңге);

  • Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде басқа мемлекет аумағында партизан отряды құрамында жүріп фашистік Германия мен оның одақтастарына жүргізген қарсы әскери іс-қимылға қатысқан жандарға – 35 АЕК (92785 теңге);

  • Жол қатынастары Халықтық комиссариятының байланыс, кәсіптік және транспорттық, авиацияның ұшу-көтеру құрамы Халықтың комиссариатының, бұрыңғы КСРО балық шаруашылығы мен теңіз және өзен флоты Халықтың комиссариатының арнайы құрылым қызметкерлеріне, Отан соғысы жылдарында әскери жағдайға көшіріліп, армия мен флоттың мүддесіне қызмет еткен, «Главсевморпуть» ұшу-көтеру құрамының, сондай-ақ Ұлы Отан соғысының бастапқы жылдарында өзге мемлекеттердің порттарында тікелей міндеттерін атқарған транспорт флоты кемелерінің экипаж мүшелеріне 35 АЕК (92785 теңге);

  • Ленинград қаласындағы блокада кезінде кәсіпорында, мекемелер мен ұйымдарда жұмыс істеп, «Ленинградты қорғағаны үшін» және «Ленинград блокадасының тұрғыны» төсбелгісіне ие жандарға – 35 АЕК (92785 теңге);

  • Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде фашистер мен олардың одақтастары ойлап тапқан концлагерьлердің, геттолардың және басқа да еріксіз ұстау орындарының жасы кәмелетке толмаған бұрынғы тұтқындарына – 35 АЕК (92785 теңге);

  • Қайталап некеге отырмаған әрі екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тауып, хабар-ошарсыз кеткендердің жұбайларына – 35 АЕК (92785 теңге);

  • Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде тылда аянбай еңбек етіп, тер төккені үшін бұрынғы КСРО ордендері мен медальдарына ие болған жандарға – 25 АЕК (66275 теңге);

  • Бейбіт уақытта әскери қызметін өтеу кезінде қаза болған сарбаздардың жанұясына – 4,5 АЕК (11929 теңге);

  • 1941 жылдың 22 маусымынан 1945 жылдың 9 мамырына дейін кемі алты ай жұмыс істеп, ерен еңбегі мен әскери міндетін мінсіз атқарып КСРО-ның қандай да бір медальдері және төсбелгілерімен марапатталмағандарға – 4,5 АЕК (11929 теңге) көлемінде төлемақы тағайындалған.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарына

Өздеріңізге мәлім, саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні – 31 мамыр. Бұл датаға 4,5 АЕК (11929 теңге) мөлшерінде төлемақы төлеу жоспарланған. Бір жолғы әлеуметтік көмекке жоғарыда атағанымыздай, саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккендер ие болады.

Мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналарына

ҚР Конституция күні – 30 тамызда 16 жасқа дейінгі мүгедек бала асырап отырған жандарға ақшалай төлемақы тағайындалған. Бір жолғы төлемақы мөлшері – 5 АЕК (13255 теңге).

Өскемен қалалық мәслихатында өткен жылға қарағанда ақшалай төлемақы алудың шарттары өзгеріссіз қалған.