2024 жылы ауланатын киік саны белгілі болды

360
көрілім
Фото:ernur.kz сайтынан

«Ашық НҚА» порталында Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің 2024 жылы ауланатын аңдардың лимиті туралы бұйрық жобасы қоғам талқылауына шығарылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

Бұйрықпен бірге берілген қосымшада келер жылы ауланатын киіктер туралы ақпарат екі кестеде көрініс тапқан.

Бірінші кестенің атауы – 2024 жылғы 15 ақпаннан бастап 2025 жылғы 15 ақпанды қоса алғандағы кезеңге аң аулау объектілері саналатын жануарлар түрлерін алып қою лимиті. Дегенмен, кестеге берілген ескертуде тізімдегі киіктің бәрі тек ғылыми мақсатта ғана ауланатыны айтылған.

Бұл кестеде бір жылдың ішінде ұзын саны 5 350 киік ауланатыны айтылған. Оның ішінде Ақмола облысында - 280, Ақтөбе облысында - 90, Батыс Қазақстанда - 1 100, Қарағанды облысында - 1 280, Қостанай облысында - 1 230, Ұлытау облысында - 1 530 ауланбақ. 

«Ғылыми мақсаттарда алып қою квоталары» дейтін екінші кестеде тағы 800 киік ауланатыны айтылған. Аң аулау объектісі ретінде атылатын аңдардың ішінде 176 қоңыр аю мен 157 сілеусін де бар.