5-11 шілде аралығына арналған жұлдыз-жорамал

810
көрілім

Тоқты

Жақын күндері достығыңыз жарасып жүрген жандардың бірі тосын әрекетімен таңқалдырады. Қуаныш сыйлар ақпарат емес, қайта әлдеқандай өкпе-реніші барын білдіреді. Мұндайда тыңдаушы рөлін сомдап, қызбалыққа салынбағаныңыз жөн.

Торпақ

Қойын дәптеріңіз бен ұшқыр қаламыңызды сайлап отырыңыз: жуырда ойыңызға тың идеялар келеді. Бала-шағаңыз жарқын жетістіктерімен қуантса, жұмыста әріптестеріңіз жағымды жаңалық жеткізеді. Қысқасы, осы апта сәттілік әкелейін деп тұр.

Егіздер

Өмірлік серігіңізбен ойыңыз бір жерден шықпай, отбасында ыдыс-аяқ жиі сылдырлауы мүмкін. Іс насырға шаппас үшін ара-тұра үнсіз қалуға көшіңіз. Нәзік жандылардың ашуы сүт пісірім уақытта тыйылады ғой, көбінде әліптің артын баққаныңыз да дұрыс.

Шаян

Бұрын-соңды спортпен шұғылданбаған Шаяндарға қазір іске кіріскен абзал. Әсіресе демалыс күндері табиғат аясына шығып, құрыс-тұрысыңызды жазып қайтсаңыз артықтық етпейді. Егде жастағы адамдар тыста жүргенде абай болғандары жөн.

Арыстан

Өткен аптада аяқсыз қалған шаруаларыңыз болса бос уақытыңызды соны біржақты етуге жұмсаңыз. Әйтпегенде басшылық жүктеген жаңа тапсырмалар шаруаңызды одан әрмен шаш етектен көбейтеді. Демалыс күндері туысқандарыңыздың бірі қоңырау шалуы мүмкін.

Бикеш

Қаржы төңірегіндегі мәселелерді сол саладан хабардар жанның шешкені жөн. Шымшық сойса да қасапшы сойсын. Жанұяңызда күтпеген жерден ұрыс-керіс шықса, арада аз уақыт өткен соң саябырсуына өзіңіз себепші боласыз.

Таразы

Жұмыс пен отбасыңыздағы шаруаларды ың-шыңсыз аяқтау үшін күн тәртібін жақсылап бекітіп алыңыз. Біреудің ала жібін аттап, көңіліне қаяу салған жандарыңыздан кешірім сұрауға асығыңыз. Демалыс күндерін емін-еркін, тыныштықта өткізіңіз.

Сарышаян

Үнемі қырсық шалып, жоқ жерден кедергіге ұшырап жүретін Сарышаяндардың бұлыңғыр аяқ алысы нықтала түспек. Әсіресе апта ортасында маңызды келісімшартқа қол қойып, еңсе тіктей бастайсыз. Бастысы, асығыс әрекет танытпаңыз.

Мерген

Әркез секемденіп, елең етіп жүрген жағымсыз жайт жуық арада болады. Бұған барынша сабырмен, салқынқандылықпен қарағаныңыз ләзім. Жұмыстағы қарбалас тапсырмаларды орындап біткеніңізбен, жеке өміріңіздегі түйткілдер күш-жігеріңізді біршама сарқиды.

Тауешкі

Қиындық пен әсірекөп тапсырмаларды достарыңызбен бөлісуге еш қысылмаңыз. Осыған дейін өзгелерге қаншама қолдау білдіріп, көмек көрсеткеніңізді ескерсек, ешкім де бұл өтінішіңізге қабақ шытып қарамайды.

Суқұйғыш

Барлығы бірқалыпты, өзгеріссіз өтеді. Жалғыз ғана мәселе отбасы шеңберінде болмақ. Өмірлік серігіңіз кейбір кикілжіңнің бастамашысы өзі болғанын мойындаса, жағдай әп-сәтте өзгеріп шығады. Бастысы, барлығын уақыттың еншісіне қалдырыңыз.

Балықтар

Аптаның алғашқы жартысы ешқандай жаңалық-өзгерістермен есте қалмайды. Ал маңызды кездесулер мен басқосуларды сәрсенбі, бейсенбі күндеріне белгілеп, бекіте берсеңіз болады. Осы қадамдар өміріңізге оң өзгерістер әкелмей қоймайды.