Ұлан ауданында шаруа қожалығынан бір үйір жылқыны айдап әкеткен

315
көрілім
Фотосурет ашық дерекккөзден

Жуықта Ұлан ауданына қарасты Ново-Азовое ауылында мал ұрланып, іздеу жұмыстары бірнеше күнге жалғасты. Шаруа қожалық иелерінің сөзінше, күдікті қорасын көрсету кезінде қуыстанып, мылтық кезенуге дейін барған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

«Жылқыны жасыруға тырысты»

Анықталғандай, тамыз айының 5-і күні мал иесі ауыл шетінен GPS құрылғысы орнатылған ақ биесінің өліп жатқанын көрген. Басынан атыпты. Содан бірден «102» арнасына қоңырау шалды.

– Осы бие арқылы жылқының қай жерде жүргенін білетінмін. Тәртіп сақшыларына қоңырау шалып, көп ұзамай тікұшақ та жұмылдырылды. Дегенмен іздеу шаралары нәтижесін бермеді, себебі ол жақта бірнеше шаруа қожалығында жылқы бағады. Кімдердің ұрлап кеткені белгісіз. Жоғалғаны 53 бас жылқы, – деді шаруа қожалық иесінің ұлы Мәди Мәдиев.

Ұлан ауданының тұрғыны күдіктенетін маңнан Қызылсу өзені ағып жатыр. Біреуді дөп басып айту қиын дейді. Жайылымы жайлы жердегі көп қораның бәрін тінту мүмкін еместігін алға тартты. Ұрыны бес күн үздіксіз іздеген.

– Тәртіп сақшыларының жанында бірге жүрдім. Көп ұзамай іске қатысы болуы мүмкін деген қоралардың біріне бардық. Дегенмен қожайынымен сөйлесу кезінде әлденені жасыратындай көрінді. Қорада бөтен жылқылардың бары сезілді, өзі де бізді қайта-қайта басқа жаққа оқшаулай берді. Есігін ашуын өтініп едік, бас тартты. Іс-қимылы одан әрі күдік туғызып, полицейлерге қай-қайдағыны айтты. Тіпті әйелін құлақтандырып, ол кетуімізді талап етіп, айқай шығарды. Сәлде соң өзі аспанға бір оқ атып, көліктің төменгі жағын да нысанаға алды. Кейін күдікті заттай дәлелдерден құтылуға асығып, жылқыны айдап әкетуге көшті. У-шу жалғасып, біздің өтінішімізді құлағына ілмеді, – деді қожалық иелері.

Қорада қамап, көтерем қылған

Мәди Мәдиевтің сөзінше, мал іздегендер қораны жан-жағынан жауып, ер адамды жібермеуге әрекеттенді. Дегенмен мылтық атылып, у-шу өршіген кезде шошынған мал есік пен қашаны сындырып, атқа мініп үлгерген күдікті де соңдарынан шапқан.

– Ертеңінде жақын маңнан бауыздалған бірнеше атты таптық. Н.Б. деген белгісі көрінетін мал терісі жатты. Әрі қарай екі күн іздеу жұмыстары Абай ауданында жалғасты. Өлген малымды көргенде әбден көтерем күйге түскенін аңғару қиыны емес. Қорада қамап, жем-суын бермеген сияқты, – деді мал иелері.

Белгілі болғандай, қазіргі уақытта жоғалған жылқының көбі табылып, иесінің бақылауында. Десе де 15 қылқұйрықты әлі табылмады. Мәди Мәдиев мал ұрлығы күз айларында жиілейтінін алға тартты. Бұл ретте қожалық иелеріне жылқысына GPS құрылғысын орнатып қоюға кеңес берді.

– Басын қатерге тіккен тәртіп сақшыларына алғыс айтамын. Өң мен түстің арасында мылтық та аталды. 53 жылқыны бір адам ұрлап кете алмайды, мұның артында қылмыстық топ тұр, – деді ол.

Облыстық Полиция департаменті өкілдері қазір бұған қатысты іс қозғалғанын айтты.

– Жылқыны Жарма ауданының тұрғыны ұрлапты. Оны ұстау кезінде ер адам полицейлерге оқ атты. Кінәсі толықтай дәлелденіп, бұған қатысты қылмыстық іс қозғалды. Енді ол оқ ату және жылқы ұрлау фактілеріне сәйкес екі бап бойынша тергеледі, – деді жауапты тұлғалар.