Абай алашордалықтар үшін кім еді?

9142
көрілім

Бүгінде тарихшылар күнделіктерден, қолжазбалардан, газеттерден және басқа да дереккөздерден қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының Алаш қозғалысына рухани шабыт бергендігіне дәлел тауып жатыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Алашордалықтардың басты мақсаты – сауатты саяси басқарумен, қарапайым халық үшін үлкен мүмкіндіктер жасайтын тәуелсіз қазақ елін құру болды. Қазақстанды ғылым мен білімнің дамуына көп көңіл бөлінетін іргелі мемлекетке айналдыруды көздеді. Абай Құнанбайұлының қара сөздері алашордалықтардың бұл идеясын көрсетіп тұр:

«Егер де есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?».

Алаштың астанасы – Семейде Мұхтар Әуезовтің музейі бар. Бұл Абайдың әкесі Құнанбайдың досы Әнияр Молдабаевқа бір кездері сыйға тартқан ескі үйі. Абай Семейге келгенде осы жерде жиі болатын. Жазбаларда сондағы әдеби әңгімелер мен қызу саяси пікірталастар туралы естеліктер сақталған. Алашордалықтар азаматтарда ар-намыс, міндет және мораль сияқты ұғымдар ұмытылмас үшін Қазақстанда заңдардың қатаң сақталуын қамтамасыз етуге тырысты. Партия мүшелері бұған дейін ақшаға құныққан соттардың орнына жаңа соттар мен милиция бөлімшелерін құрды. Алашордалықтар әділдік пен адалдыққа сенді. Өйткені олардың өздері де сол бағытты ұстанған-тұғын. Абай өз өлеңдерінде дәл осындай жандарды ақылды, адал және рухы мықты азаматтар деп айтса керек.

Ақыл-ой мен ерік-жігерді бір арнаға тоғыстырған адам жүйрік ат іспеттес – талай белесті бағындыра алады. Алашордалықтар өз кезегінде бас ақынның таланты мен саяси даналығына тәнті болды.

«Абай – қазақ халқының ұлы ақыны ғана емес, ол философ-гуманист, қазіргі қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы, композитор, қазақтарды білім мен ғылымға шақырған ағартушы», - деп жазды «Абай» журналының ашылуына мұрындық болған және оның бас редакторы қызметін атқарған Жүсіпбек Аймауытов.

Көптеген алашордалықтар бұл қозғалысқа Абай мен Шәкәрімнің шығармашылығы бастау болғанын атап өткен. Біріншісі – рухани тәлімгер, екіншісі – идеолог болды. Олардың Алаш қозғалысына қосқан үлесіне нақты баға беру қиын. Екеуі де қазақ тарихында ойып тұрып орын алған ұлы тұлғалар. Міне сондықтан олардың есімдері Өскемен мен Семей қалаларындағы орталық көшелерге берілуі – заңдылық.

Қайым Мұхамедханов өз диссертациясында: Абай Құнанбайұлының шығармашылығы революцияға дейінгі және кеңестік қазақ әдебиетінің арасындағы көпір болып, тұңғиықтың екі жағын байланыстырды, оның бір жағында Абай, екінші жағында - кеңестік қазақ әдебиеті тұрды. Оның іргелі еңбегі Абай шығармашылығының алғашқы ғылыми негіздемесі болды – бірде-бір қазақ ақынында дәл осындай көп және дарынды шәкірттер болған емес.

Алаш қозғалысы қазақстандықтар үшін ағартушылық пен ғылымды насихаттаған мәдени және саяси серпіліс болды. Қозғалысқа сол дәуірдің әйгілі жазушылары қатысты. Олардың барлығы шабыттарын Абай Құнанбайұлының жазбаларынан алды. Алашорда партиясының негізін қалаушылар мен мүшелері бірауыздан Абайды қазақтың бас ақыны деп жариялауына еш таңқалмаймыз. Себебі сол тар заманда оның шығармашылығы адамдарға күш сыйлап, өз құқықтары үшін күресуге және бірінші кезекте адам болып қалуды үндеді.