АӘК алу үшін 2020 жылғы қаңтар айында да құжат тапсыруға болады

341
көрілім

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ержан Жылқыбаев және ҚР Еңбекмині Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы Ербол Нұрғалиев Шымкент қаласы және Түркістан облысына жұмыс сапары барысында халықты жұмыспен қамту орталықтарының қызметкерлеріне және аудан тұрғындарына атаулы әлеуметтік көмек берудің жаңа ережелерін түсіндірді, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

Бірінші вице-министр Сайрам ауданының халықты жұмыспен қамту орталығына барды. Жылқыбаев орталық қызметкерлеріне АӘК жаңа форматта тағайындау мәселелерін азаматтармен алдын ала пысықтауды ұсынды.

- Өздеріңіз білесіздер, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап атаулы әлеуметтік көмек тоқсан сайын тағайындалады. Енді сіздердің негізгі 2 міндетіңіз бар: желтоқсан айына төлемдерді келесі жылға ауыстырмай жыл соңына дейін төлеу және азаматтарға қаңтар айында АӘК тағайындау үшін құжат тапсыруға болатынын және ақпанда әлеуметтік көмек алатынын түсіндіру. Олар жаңа жылдық мерекелерден кейін алаңдап, жұмыспен қамту орталықтарында кезек құрудың қажеті жоқ, - деді ол.

 Ержан Жалқыбаев 12 желтоқсанда ҚР Парламентінің Сенаты «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік сақтандыру, әлеуметтік қамсыздандыру және денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік-жеке меншік әріптестік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды қабылдағанын еске салды.

- Заң көпбалалы отбасыларға жаңа мемлекеттік жәрдемақы енгізуді, АӘК көрсету тетіктерін жетілдіруді және табысы аз отбасынан шыққан балаларға кепілдік берілген әлеуметтік топтама енгізуді көздейді, – деді Ержан Жылқыбаев.

Сонымен, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап 4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі оқу бөлімінде оқитын студенттері бар отбасыларға отбасының табысына қарамастан сараланған мөлшерде: 4 балаға – 42 496 теңге; 5 балаға – 53 127 теңге; 6 балаға – 63 757 теңге; 7 және одан да көп балаға – 74 388 теңге мемлекеттік жәрдемақы төленеді.

АӘК ұсынудың жаңа тәсілдері мыналарды көздейді: әр тоқсан сайын атаулы әлеуметтік көмек тағайындау; АӘК тағайындаудың қазіргі шекті критерийін сақтау - отбасының жан басына шаққандағы орташа табыс күнкөріс деңгейінің 70%-ынан кем болуы керек; отбасының барлық мүшелері үшін АӘК мөлшерін жан басына шаққандағы кірістер мен кедейлік шегінің арасындағы айырмашылық ретінде анықтау; еңбекке қабілетті азаматтарға қойылатын талаптарды күшейту, егер олар жұмысқа орналасудан бас тартқан жағдайда, АӘК төлеу барлық отбасы үшін тоқтатылады; учаскелік комиссиялардың осы процестегі рөлінің күшеюімен отбасының материалдық жағдайына зерттеу жүргізу мерзімін 3 күннен 7 күнге дейін ұлғайту.

Кепілдік берілген әлеуметтік топтаманы ұсыну аясында 1 жастан 6 жасқа дейінгі табысы аз отбасылардың балалары азық-түлік жиынтығымен және гигиеналық заттарымен қамтамасыз етіледі, 6 жастан 18 жасқа дейін олар мектептерде ыстық тамақпен, оқу құралдары мен мектеп киімдерімен қамтамасыз етіледі, сондай-ақ, мектепке дейінгі жол жүру шығындары өтеледі. 18 жасқа дейінгі балаларға медициналық көмек, оның ішінде стоматологиялық көмек ақысыз медициналық көмектің және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың кепілдендірілген көлемі аясында көрсетіледі.

Сөз соңында Жылқыбаев заңға сәйкес, ағымдағы жылы тағайындалған АӘК жарты жылға тағайындалғаны немесе бір жылға тағайындалғаны маңызды емес, 31 желтоқсанға дейін әрекет ететінін атап өтті.