Алакөлдегі демалыс базаларының иелері салықты толық төлемеуде

645
көрілім

2017 жылы жаз маусымының алғашқы кезінен Алакөлдің 143 демалыс базасында 700 мыңға жуық адам тынығыпты. Десе де кәсіпкерлердің мемлекет бюджетіне төлеген салық мөлшері 800 мың теңгені ғана құрап отыр. Бұл мәселені бүгін аймақ басшысы Даниал Ахметов облыс әкімдігі ғимаратында өткен мәслихат сессиясында қозғады, деп хабаралайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер жөніндегі департамент басшысы Бауыржан Айнабеков былтыр бюджетке түскен салық 800 мың теңгені ғана құрағанын мәлімдеді.

– Біздің есептеуіміз бойынша кәсіпкерлердің салығы бұдан әлдеқайда көп болуы тиіс. Биыл Алакөлдегі кәсіпкерлердің кірістері бүге-шүгесіне дейін тексерілетін болады, – деп атап өтті Бауыржан Айнабеков.

Жақында ғана ашылған туристік ақпарат орталығы келген қонақтардың санын нақтылай түседі. Сондай-ақ, Beeline компаниясының көмегімен келушілердің шығыс, кіріс қоңыраулары арқылы географиялық мекен жайын тіркеп отыру жоспарда бар.

– Биылғы жылы салық төлемей жүргендердің нақты саны белгілі, енді біз оларды жекелей тексеретін боламыз, – деді облыс басшысы Даниал Ахметов. – Алдағы уақытта меморандумға қол қоюларыңызды сұраймын, оған сәйкес салықтар бойынша міндеттемелер қабылданады. Қабылдамасаңыздар да болады, алайда біз сіздермен арнайы бағдарлама арқылы жұмыс істейміз. Мемлекеттің конституциялық міндеттемелерін орындамаған кәсіпкерлерге мәжбүрлеу механизмін қолдануға тура келеді.