Алғаш рет ашылмақ

344
көрілім

Тұрғындарының басым көпшілігі мал шаруашылығымен айналысатын Жарма ауданында биыл алғашқы тауарлы-сүт фермасы ашылмақ. Бұл жөнінде аймақтың бұқаралық ақпарат құралдарын алдында баспасөз мәслихатын өткізген Жарма ауданының әкімі Нұрлан Сыдықов мәлімдеді.

- Аудан тұрғындарының 80 пайызы мал шаруашылығымен айналысады, - дейді Нұрлан Бәтташұлы. - 22 асыл тұқымды мал шаруашылықтары бар. Оның ішіндегі брендіміз Шалабайдағы қазақтың ақ бас сиырын өсіріп отырған қожалық. Сонымен қатар, ауданымызда 30 мың бас байыс тұқымды қой өсірілуде. Мал шаруашылығының жыл санап дамуы өз кезегінде сүт өткізу мәселесін қарастыруды талап етеді. Осы себепті тауарлы-сүт фермаларын салудың маңыздылығы артты. Қазіргі уақытта Ортабұлақ ауылында "Сүлеймен" шаруа қожалығы жүз бас сиырға арналған тауарлы-сүт фермасының құрылысын жүргізуде. Бұл нысан биылғы жылдың бірінші жарты жылдығында аяқталады деп көзделіп отыр.

Қазіргі уақытта ферманың кіші-гірім әрлеу жұмыстары ғана қалғанын айтқан әкім, қажетті құрылғылардың алынып, Ресейден 50 бас "Красная степная" тұқымдас сиырларының әкелінгенін алға тартты.

- Осылайша ауданымызда алғашқы тауарлы-сүт фермасы ашылмақ. Сонымен қатар қазіргі уақытта аудан көлемінде бес сүт қабылдау пункті жұмыс істеп тұр, биыл тағы бірін ашып, санын алтауға жеткіземіз. Былтыр мың тонна сүт өткізсек, биыл оның көлемін мың жарымға жеткізбек ойымыз бар, -деп қосты аудан басшысы.

Азамат ТЕМІРБЕКОВ