Алтай қаласының тұрғыны анасына дауыс көтерген танысын пышақтап тастады

323
көрілім

Үйіне қонаққа келген екі танысын құшақ жая қарсы алған ер адам оларға ішімдік құйған. Мұны көрген анасы баласына ескерту жасайды. Осы кезде оның бөтелкелестерінің бірі егде жастағы әйел адамға сөз қайтарып, дауласа кеткен. Ал танысының мұнысын жақтыртпаған еркек қолына пышақ алып, оған атыла жөнеледі. Бұл жайлы Алтай аудандық сотында қаралған сот ісінің материалдарында баяндалған, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Рудная көшесіндегі жер үйде тұратын Мирас (есімдері толықтай өзгертілген) Андрей мен Константин келгенде қуанып кетті. Аралас-құралас болып жүрген жігіттер ас бөлмеге жайғасып, әңгіме-дүкен құрысады. Отырысты қыздыру үшін олар ащы судан ұрттаған. Осыны байқап қалған Мирастың шешесі Сандуғаш баласынан ішімдік ішпеулерін талап етеді. Ер адам өзін мәпелеп өсіріп, бағып-қаққан аяулы анасына қарсы келмеді, бірақ масая бастаған Константин үнсіз қалмады. Әйел адамның ескертуін елемей, дауыс көтерген. Үйіне келіп, арағын ішіп алып анасымен дауласқан танысы Мирастың зығырданын қайнатып жіберді. Константинмен ерегесе жөнелген ол үстел үстіндегі пышақты шап беріп, бөтелкелесінің арқа тұсына екі рет сұққан. Осының салдарынан жәбірленушіге ауыр дәрежедегі дене жарақаты келтіріліпті.

Сот процесі барысында айыпталушы өз кінәсін толықтай мойындап, істеген ісіне қатты өкінетіндігін жеткізді. Сот үкімімен Мирас Сапарбеков Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 106-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 3 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар сотталушы 100 сағаттық мәжбүрлі еңбекке тартылған. Үкім толықтай заңды күшіне енген.

Асқар ТҰМАРБЕК