Анастасия Рыпакова ұзындыққа секіруден ел чемпионы атанды

434
көрілім
Фотосурет ашық дерекккөзден

Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакованың қызы Анастасия да ұзындыққа секіруден біраз белесті бағындырып үлгерді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жуырда Астанада жеңіл атлетикадан ел чемпионаты аяқталып, шығысқазақстандық спортшылар үздік нәтижелердің бірін көрсетті. Соның ішінде Анастасия Рыпакованың жетістігі талай спорт мамандарын таң-тамаша етті. Бойшаң бұрымды екпінмен жүгіріп келіп, 6,25 метрге қарғыды. Сөзсіз, алтын медаль олжалады. Өз уақытында Ольга Рыпкова да ұзындыққа секіріп, жүлде алған. 2015 жылы – 6,41 метр, 2017 жылы 6,44 метрге секірген еді. Жабық кешендегі үздік нәтижелер осылар. Алдағы жылдары Анастасия анасының көрсеткішін қайталайды деуге сенім мол.
Бұдан бөлек, желаяқ жігіттеріміз 4*200 және 4*400 метрге жүгіруде алдына қара салдырмады. Элина Михина 200 метрге жүгіруде, Надежда Дубовицкая биіктікке секіруде (1,88 м), Белоусовка кентінің тумасы Андрей Соколов 400 метрге жүгіруде топ жарды. Әрі қарай Айым Қайсанова, Андрей Лаврушенко, Ақылжан Тоқтағалин, Артур Гафнер сияқты спортшыларымыз медаль алды.