Аягөз ауданы Көксала ауылына ауызсу тартылуда

1003
көрілім

Аягөз ауданының әкімі Ділдәбек Оразбаев Көксала ауылына барып, атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйімен танысып қайтты, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

– Көксала елді мекенінде болып қайттым. Бұл жақта ауызсу тартылуда. Аталмыш жұмыстың атқарылу барысын бақылап, тұрғындарымен кездестім. Сондай-ақ ДЭУ-71 мекемесінің жұмысшыларымен кездесіп, жол мәселесі төңірегінде әңгіме өрбіттік, – дейді Ділдәбек Тәжібайұлы.

Қазіргі таңда Қарағанды-Боғас тас жолының 626-630 шақырымында шұңқырларды тегістеу жұмыстары мәресіне жетіп, жолдың бетін өңдеу жұмыстары жүргізіліпті. Ал Баршатас- Қосағаш жолдарының 500 метрі тегістеліп, тағы 700 метріне осы тектес жұмыстар жүргізілуде екен.

– Тамыздың 28-інен бастап жол жиегіндегі шөптерді шабу жұмыстары да қолға алынды. Сондай-ақ 783 шақырымдық су өткізу құбыры жасалуда. Ал 616 шақырымнан бастап Баршатас бағытына дейінгі жолда шұңқырларды жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған шаруаға Ақсуат ауылы мен Зайсан ауданынан қосымша 2 бригада жұмылдырылуда, – дейді аудан әкімі.