Аягөз ауданында араққа масайған еркек полиция қызметкерін ұрып-соққан

1424
көрілім

Аягөз ауданы, Тарлаулы ауылындағы дәмханалардың біріне келген ер адам ащы судан ішіп демалып отырады. Арада біршама уақыт өткенде ішімдіктің буына масайған 43 жастағы еркек шу шығарып, дәмханаға келушілердің мазасын алған. Бұнымен қоймай, ашуға булыққан аягөздік өзін сабырға шақырмақ болған тәртіп сақшысын балағаттап, жұдырығын ала жүгіреді. Оқиғаның жай-жапсары аудандық соттың іс-материалдарында баяндалған, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Отбасын құрмаған, тұрақты жұмысы жоқ Ескендір Өмірзақов (аты-жөндері толықтай өзгертілген) ащы судан ұрттап демалмақ болады. Сөйтіп, ол кешкі уақытта Тарлаулы ауылындағы дәмханаға бас сұққан. Араға біраз уақыт салып, қызып алған Ескендір дәмханаға келушілердің мазасын ала бастайды. Одан мезі болған азаматтардың бірі полицияға қоңырау шалып, шағым түсірген.

Сағат 20.50-шамасында оқиға орнына Аягөз АІІБ ЖПҚ учаскелік полиция инспекторы, аға лейтенант Айдос Құматаев келіп жетеді. Өзінің қызметтік міндетін атқарған тәртіп сақшысы құқықбұзушыны сыртқа алып шықпақ болған. Сол кезде аузына ақ ит кіріп, көк ит шыққан Ескендір полиция қызметкерінің киімінен жұлқылап, бағынудан бас тартады. Бұл аздай, бойын ашу кернеген 43 жастағы еркек құқық қорғау органының қызметкерін бет тұсынан жұдырығымен бірнеше рет ұрып жіберген.

Осыған байланысты сот ісі Аягөз аудандық сотында қаралды. Сот барысында айыпталушы өз кінәсін толықтай мойындап, жәбірленушіден кешірім сұрады. Алайда аға лейтенант Айдос Құматаев полиция қызметкерінің абыройына нұқсан келтіргені үшін кешірім бермейтіндігін кесіп айтты. Сот үкімі бойынша Ескендір Өмірзақов ҚР ҚК-нің 378-бабы, 1-бөлігімен және 380-бабының, 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 2 жыл мерзімге бас бостандығынан шектелді. Соған қоса, сотталушы 200 сағаттық мәжбүрлі еңбекке тартылды.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ