Аягөз гарнизонында әскерилердің тартысты сайысы өтті

451
көрілім

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы құрметіне Аягөз  гарнизонының  әскери бөлімдері арасында спорттық жарыс өткізілді.
 
Еңселі еліміздің егемен ел атанғанына 30 жыл толуына орай Аягөз гарнизонының әскери бөлімдер басшылығы бірлесіп желтоқсан айының 9-14 аралығында әскери қыздар арасында волейболдан және ер әскери қызметкерлер арасында шағын футболдан жарыс өткізді. Жұмыс кестесін ескере отырып бір аптаға жоспарланған спорттық сайыс әскери қалашықтағы спорт кешенінде ұйымдастырылды.
Мерекелік сайыстың ашылу салтанатында басшылық құрам құттықтау сөз сөйлеп, спортшыларға жеңіс тіледі. Жарыстың мақсаты әскери қызметкерлерге құрмет көрсетіп, салауатты өмір салтымен мерекелік көңіл күй сыйлау болды. Жарыс сақтық шараларына сай өтті.
Аталға жарыста волейболдан 6, шағынфутболдан 15 команда гарнизон бастығының  кубогын сарапқа салып, өте тартысты, қызықты ойын көрсетті. Ойын халықаралық волейбол, шағынфутбол  ойнау ережесі талабымен  жүргізілді. Тартысты жарысқа танк әскери бөлімі спорт кешенінің басшысы бас төреші болды. Алғашқыда волейболдан әскери қыздар арасында өткізілген жарыста өздерінің шеберліктерімен топ жарған танк әскери бөлімі 1-орынға ие болды. Азғантай есептік көрсеткішпен 2-орынға артиллериялық әскери бөлімнің арулары табан тіресе, жанар-жағармай қоймасы бөлімінің командасы 3-орынды қанжығаға байлап, қанағат тұтты.  
Артынша намысымен қайраты тасыған  шағынфутболис жігіттер аладопты адуындап ойнап жарыс көрермендерінің ыстық ықылысына бөленді. Бағы мен бабы қатар шапқан бұл сайыс кезеңінде де тан әскери бөлімі бірінші орынды, артиллерия әскери бөлімі екінші орынды, төтенше жағдай қызметі бөлімі үшінші орынды олжалады. Осындай жігерлі жігіттеріміздің жеңісін марапаттау рәсімінде гарнизон штаб бастығы подполковник Арман Құрманов бастаған құрлық әскерлері әскери институтының 2006 жылғы түлектері жеңімпаздарға бағалы және ынталандыру сыйлықтарын тарту етті.  
Жарысты қорытындылау мен жеңімпаздарды марапаттау рәсімі танк әскери бөлімінің мәдени демалу орталығында Тәуелсіздік күні мерекесіне арналған концерт соңында өткізілді. Жеңімпаздарға гарнизон бастығының жылжымалы кубогы табысталып, жүлделі орын иегерлеріне мақтау қағаздарымен медальдар және естелік сыйлықтары табыс етілді.  
 
Аягөз гарнизонының баспасөз қызметі