Аягөздік жас сарбаздар әскери-патриоттық клуб қатарына өту үшін ант берді

405
көрілім

Аягөз қаласындағы № 6 мектептің 5 сынып оқушылары «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубының қатарына өтуге салтанатты түрде ант қабылдады.

Іс-шараға Ауған соғысының ардагерлері мен аудандық білім бөлімінің мамандары және әскери қызметшілер қонақ ретінде қатысты. Ант беру барысында «Жас сарбаз» клубының 25 тәрбиеленушісі көпшілік алдында Қазақстан Республикасының Ата заңы мен басқа да заңдарын қатаң сақтауға, патриоттық рухты биік қойып, Отанды қорғауға, оның мүдделерінің ержүрек әрі батыл қорғаушысы болуға уәде берді. Сонымен қатар осы шараға арнайы келген қонақтар ант қабылдаған оқушыларға «Жас сарбаз» ұйымының тәрбиеленушісі екендігін растайтын куәлікті табыс етті.  

«Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубының мақсаты – өскелең ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие беру, олардың Отанға деген сүйіспеншілік сезімін ояту. Осындай патриоттық клубтар балалардың ҚР Қарулы Күштеріне деген құрметін, әскери борышты өтеуге және жасөспірімдерді жанжақты әскерге дайындауға жігерлендіреді.  

Жиын барысында сөз алған Аягөз қаласының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімінің бастығы подполковник Сабыржан Айтқазин оқушыларды құттықтап, «Жас сарбаз» балалар мен жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы өңірде өскелең ұрпақ бойында ұлттық рухты қалыптастыру, әскери патриоттық тәрбиені жандандыру ісін мықтап қолға алып келе жатқанын баяндады. Сондай-ақ Ауған соғысының ардагерлері де балаларға жүрек жарды лебіздерін білдірді.
 
– Сіздерді бүгінгі «Жас сарбаз» қатарына қосылумен құттықтаймын. Сіздерге денсаулық және оқуда табыс тілеймін! Отанымыз – Қазақстан Республикасының беделді азаматтары, ел патриоттары болыңыздар, – деді Ауған соғысының ардагері Айтын Арқабаев.
 
Айта кетейік,  «Жас сарбаз» клубтарына 5-9 сынып аралығындағы денсаулығы бойынша тексеруден өткен, білім мен спортта белсенді жасөспірімдер қабылданады. Іріктеуден өткен таңдаулылар жинақталған «Жас сарбаз» сыныптарының сабақтары қосымша оқу ретінде жүргізіледі. Оқу курсын аяқтаған соң тәрбиеленушілерге сертификаттар беріледі. Бұл болашағын әскери саламен байланыстыруға ниетті жастарға оң ықпалын тигізері анық.

Аягөз гарнизонының баспасөз қызметі