Азу тісті елік облыстың қай аумағын мекендейді?

750
көрілім

Алтайдың бауырында алаңсыз жортқан аң түрлері жат жұрттық туристерді сан рет таң-тамаша еткен. Алайда алаңсыз жортты дейміз, тасада жатып мылтығының шүріппесін басып қалуға дағдыланған браконьерлер қашан да қауіп бұлтын торлатып келген. Қазір жазылатын жануардың тұрпаты айтарлықтай айрықша. Құдыр деп аталады. Екі езуінен төмен түсе, ақсиып көрінетін азуынан бұғы тұқымдас аң сырт көзге жыртқыш болып та көрінуі мүмкін.

Терісіндегі алтын тамшылар

Латынша Moschus mosciferus деп аталады. Осыдан 55 миллион жыл бұрын пайда болған құдыр тектестердің жалғыз өкілі. Әр жылдары Катонқарағай Ұлттық паркінде орнатылған жасырын бейнекамераларға түсіп жатады. Соңғы рет фототұзақ кішкентай бұғының бұтаға біткен мүкті жеп жатқанын түсіріп алған. Облыста тіршілік ететін жері Батыс және Оңтүстік Алтайдың етегі. Айтпақшы, аң-құстарды жаңылмай танитын Борис Щербаков Катонқарағай аумағында осы құдырмен ұшырасыпты. Сол кезде байқаған, ақсиған тістері еш қатер төндірмейді, өз бетімен жүрген жануар. Мамандар Алтай топырағында тұрқы шағын тағының 1000-1200 дарағы бар деп топшылаған, сол себепті оны аулауға тыйым салынды.

Жасыратыны жоқ, әдемілігі өз алдына, қою-шоколад түстес, терісіне әр жерден балқыған алтын тамшылары төгілгендей. Мүйізден ада. Дегенмен ерекешелігі тек осымен шектеліп қалған жоқ. Ақсиған азу тісі дедік қой, ол аталығына тән. Алғаш көрген адамның аңтарылып, «Апыр-ай, мынау мені жарып тастамаса игі еді» деген ойда қалуы ғажап емес. Ұрғашысында да болады, дегенмен оныкі аталықпен салыстырғанда біршама кішкентай.

Үкі де үлкен қауіп төндіреді

Құдырлар балқарағай, шырша немесе самырсын сынды қылқан жапырақтылар өсетін тау бөктерлерінде күнелткенді жөн санайды. Тау бөктері мен алып ағаштардың арасында қына өседі, негізгі қорегі осы. Кішкентай еліктер талғажау етер талшық тапса да кірпияздықпен қарайды. Өзіне жайлы қоныс тапса сол жерде ұзақ мекендейді, былайша айтқанда «отырықшы тұрмысқа» жаратылысы жақын. Кейбір деректерде бір жылда 300 гектарға жуық жайылым шеңберінде жайылады деп жазылған.

Жүгіруді құп көрмейді, одан да бір сарынды жүріспен қозғалады. Қауіп дабылын естісе, бірнеше метрді қамтитын секіріспен қашып құтылады.

Жемтікке айналған сәттері деп жетерлік. Салмағы 11-18 келі аралығын қамтыса, сүйреп те, көтеріп те әкететін тағылар жетерлік. Ол тұрмақ, үкілердің ірісі құдырға тап беруді оңай олжа көреді. Осыны ескерсек, құну мен сілеусін туралы айтқанымыз артық болар.

Аталық құдырлардың ағзасында ерекше темір элементы бар, содан сұйықтық бөлінеді. Кей мәліметтерде құдырқайыр деп жазылған, иісі жағымды. Бағзы заманнан парфюмерия саласында, яғни иіс суларға қосып пайдаланған. Кішкентай еліктердің осы сұйықтығына қызығып, қырып тастауға әрекеттен сәттер де аз болмаған.

Құдырлар көбінде жалғыз жүреді. Шығыс Азияның эндемигі іспетті аңның көбею сәтінде аталықтарының арасында қиян-кескі айқас өрбиді. Азу тістің керегі де осы кез. Тіпті текетірес соңында бірі ажалын тауып та жатады. Басқа күндері қос аталық қатарласа өмір сүруін жалғастыра береді.